Жуырда Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ алып бассейн іске қосылмақ. Әмбебап кешен Олимпиадалық стандартқа да сай жабдықталған.
Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ 2020 жылдың қорытындысы бойынша спорт саласындағы үздіктерді марапаттау шарасында айтты, деп хабарлайды «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты.
Облыс әкімінің айтуынша, бұндай алып ғимаратта Әлем чемпионаттарын да өткізуге болады.
«Жуырда Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ Олимпиадалық стандартқа сай «Талдықорған» орталық бассейнін іске қосамыз. Мұнда балаларымыздың бассейнде емін-еркін жаттығуына мүмкіндік туады. Бұл ғимаратта Әлем чемпионаттарын өткізуге болады», – дейді Амандық Баталов.
Салтанатты шарада ол аймақта спорт саласына үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын да жеткізді.
Мәселен, 2020 жылы облыста спорт саласын дамытуға 18,3 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде, қазір әрбір аудан орталығында заманауи спорт кешендері салынып жатыр.
«Өткен жылы Қарасай және Ескелді аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Жақын арада Көксу ауданы Балпық би ауылындағы спорт кешені ашуға дайын. «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы бойынша Балқаш, Алакөл, Ұйғыр, Ақсу, Райымбек аудандарында 5 осындай кешен салынып жатыр. Бұл жалпы тұрғындарды, жастарды бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға көптеп тартуға мүмкіндік береді», – дейді Амандық Ғаббасұлы.
Осылайша, салада материалдық-техникалық базаны жақсарту шаралары мен штат ашу, маман тарту мәселесіне де көптеп көңіл бөлініп жатқанын жеткізген облыс басшысы өз кезегінде үздік спортшыларды да марапаттады.
Түрлі намысты додаларда жеңіс туын желбіреткен жандарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды, сондай-ақ арнайы дипломдар және 300 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар тапсырылды.
Марапат алғандар қатарында ММА спортынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Әлем чемпионы Ардақ Назаров, кәсіпқой боксшылар Жанқош Тұраров пен Айдос Ербосынұлы сынды танымал азаматтар мен спорт саласын ақпарат құралдарында насихаттап жүрген журналистер де бар.
Салтанатты жиындан бұдан бөлек, облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне барлығы 22 шағын автобус көлігінің кілті берілді.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс спортшылары барлығы 853 жүлдеге ие болған. Соның ішінде 292-сі – алтын, 258-і – күміс, 303-і – қола медаль. Жыл ішінде 20 халықаралық спорт шебері, 124 спорт шебері, 375 спорт шеберлігіне кандидат, 166 бірінші разрядты спортшы дайындалды.