arasha.kz

Қонаевты қорлауға кім жол берді?

Дінмұхамед Қонаевтың есімі әрбір қазақ үшін қастерлі. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері коммунистік партияға қызмет етсе де, ұлты үшін көп еңбек сіңірді. Байлық-дәулетке ешқашан қызықпаған тұлғаның бойы қарапайымдылық пен кішіпейілділікке тұнып тұратын. Сондықтан оның есімін ұлықтау ұрпақтың ісі. Өкінішке орай, жуықта Алматы облысында ашылған Қонаевтың жаңа ескерткіші елдігімізге сын болды. Образға сай келмейтін мүсін мемлекет қайраткерін мазақ қылғандай әсер қалдырады. Қазнет қолданушылары кешеден бері осы жаңа ескерткішті сынға алып жатыр. Қазақстандық мүсінші Олжас Мұхамеди өзінің фейсбуктағы парақшасында былай деп жазды:
– Қазақстандағы сәулет өнері мен ескерткіштердің мәселесін бұрыннан көтеріп келемін, бірақ онда ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Бәлкім осы мәселеге президент назар аударар, мен 60 мүсіншінің атынан ұсыныстарымды айтар едім.
Ал, белгілі заңгер Бақытжан Базарбектің мүсінге қатысты ойы мынандай:
-Әрине, Қонаевқа ескерткіштің қойылуы – игі іс. Мәселе қандай ескерткіштің орнатылғанында! Мүсінші сомдаған дененің пропорцияларын оның жиендері де танымай жатыр. Денесі басымен салыстырғанда тым созылыңқы, ал қолдары тым үлкен. Иықтары да арық, қисынсыз»
Әлеуметтік желілерде жаңа ескерткішке қатысты кері пікір көбейіп кеткендіктен Алматы облысының мәдениет басқармасы түсініктеме берді. Қазір өңірде бұл мәселе жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылды.
-Қонаев ескерткішінің кемшіліктерін анықтау үшін Балқаш ауданындағы Бақанас ауылына жұмыс тобы аттанды. Оның құрамына тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі облыстық орталықтың директоры, басқарма бөлімінің басшысы, Жазушылар одағының мүшесі, облыстық галереяның директоры, алматылық тәуелсіз сарапшы мүсінші кірді, – деді облыстық Мәдениет басқармасының өкілдері.
Мүсін авторы Бейсенов Алтай деген азамат болып шықты. Ал, ескерткіш жасауға Қонаев атындағы «Сауап» әлеуметтік-қайырымдылық қоры мен «Қонаевтың 100 жылдығы» атты Балқаш аймақтық қоры тапсырыс берген. Қоғамның көңілінен шықпаған мүсін меценаттардың қаражатына жасалыпты.

Exit mobile version