Некенің бұзылып, отбасының ажырауы жақсылықтың нышаны емес. Ерлі-зайыптының екіге бөлінуі отбасының ішкі мәселесі болғанымен, бұдан ортаға келетін зиян аз емес. Ең алдымен жартыкеш отбасы әлеуметтік жақтан аз қамтылған топтардың көбейіп, жартылай жетім балалардың өсуіне алып келеді. Сондықтан, бұл мәселеге жеңіл қарағанымыз қате.
«Әйел қырық шырақты» деген сөздің жаны бар. Өзіне қорған, тірек болады деп қосылған жары шыдамаған қиындыққа кейде әйелдердің қасқайып жалғыз өзі қарсы тұрып, отбасын сақтап қалғанын талай көрдік. Содан ба, «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейтін тәмсіл де кейде осы әйелдерге бағытталған секілді боп көрінеді.
Әйелдің мықтылығына, даралығына, шынайылығына, пейілінің кеңдігіне мысал көп. Анамыздың аялы алақаны бізге өмірдің кереметтігін, әр сәттің ардақты екенін түсіндірді. Ерін төріне шығарып, ұл-қызының тәрбиесін ақсатпаған қазақ әйелінің қамқорлығы, көрегендігі көпке үлгі. Әйелдердің бала үшін қандай қауіпке де бас тігетін жанкештілігі мүлде бөлек әңгіме. Тіпті, кәмелетке толмаған бала тұрмақ, өз жартысын тауып, бөлек отау құрып кеткен баласы үшін де шырылдап, шаруасына араласу аналардың әдеті. Сотта ісі қаралған кез келген азаматтың жанынан анасын көретініміз де сол жанашырлықтың бір белгісі болар. Баласының ағаттығын, албырттықпен жасаған әрекетін әке кешірмес. Ал, анасы қанша жерден қамығып, қанша жерден таусылып тұрса да өз баласын ешқашан өзекке теппейді. Сын сәтте баласының қасында тұрып, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығын аямайды.
«Әке ұрпақты тәрбиелесе, ана ұлтты тәрбиелейді» деген ғажайып сөз бар. Ұлт тәрбиесіне жауапты әйелдерге қоғам қолдау көрсете алып отыр ма? Ендігі мәселе осында. Қазір жиған-тергенін тартып алған ұл-қызының әрекетіне наразы болып, құзырлы орындарға арыз жазатын аналар пайда болды. Баласының ауыр сөз айтқанына, қол көтергеніне назаланып, шырылдап көмек күтетін аналар да ара-тұра бой көрсетіп қалады. Бұрын қай бала анасын қорлайтын еді? Қай қыз анасының бетінен алып, дүниесіне көз тігіпті? Үлкенге құрмет көрсетіп өскен қазақы тәрбиеге қайшы келетін мұндай кемшіліктер аяқ аттаған сайын кездесетін жағдайға жеттік. Қарттар үйінде телмірген кейуаналар санының өсуі де кейінгі буыннан мейірімнің, анаға деген махаббаттың кеміп бара жатқанын дәлелдесе керек. Мұндай кереғар тірліктен арылу үшін қоғамның нәзік жандыларға деген құрметін арттыруымыз керек. Анаға деген ескерткіш әр ауылдан бой көтерсе құба-құп. Аналар жайлы ән, жырлар жиі жазылғаны дұрыс. Сонда ғана қыз-келіншектерге жасалатын зорлық-зомбылыққа тұсау салынады.
Гүлбаршын Жексембінова,
Алматы облысы Қаратал аудандық сотының судьясы
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024