12-04-22 |
3170 рет қаралған
Ұйғыр ауданының атын өзгертуге петиция жарияланып, депутат ұсыныс айтты.
Ұйғыр ауданының атын өзгертуге петиция жарияланып, депутат ұсыныс айтты

Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының атауын өзгерту туралы петиция жарияланды. Оған әзірге 6 мыңнан аса адам қол қойған. Оның 199-ы қарсылық көрсеткен.

«Аудан атауын «Қарадала» немесе «Шарын» деп өзгерту керек. Неге Шарын? Өйткені бұл аймақта Шарын өзені ағып жатыр және Шарын шатқалы орналасқан.

Біз, Қазақстан халқы Ұйғыр ауданының атауы Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгертілсін деп талап етеміз!» делінген петицияда.

Бұған дейін Алматы облысындағы екі ауданның атын өзгерту туралы ұсынысты мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл айтқан еді. Ол – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының атын Алтын адам ауданы деп, Ұйғыр ауданының атау Қарадала немесе Шарын деп өзгертуті ұсынған.

Депутат Ұйғыр ауданы атауын өзгертуге қатысты мәселе ұзақ жылдан бері қоғам тарапынан көтеріліп келе жатқанын айта келіп:

«Ауыл-аймақты аралағанда маған әр өңірдің адамдары бір сұрақты қойып жүр: ол Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының атауына қатысты. Бұл мәселенің көтерілгеніне ұзақ жыл болды. Ол жайында қоғам белсенділері талай ашық хат жазды. Баспасөз беттерінде қаншама мақала жарияланды. «Осы ескі проблема Жаңа Қазақстанға көше ме?» деп сұрайды жұртшылық.

Төмендегі айтпағым – елдің пікірі. Сонымен бірге, ғалымдар мен зерттеушілер Ұйғыр ауданының атауын ауыстырудың орынды екенін айғақтайтын бірнеше дәлел-дәйекті алға тартты. Мен талқылауға тамыздық ретінде ортаға салып отырмын.

Сарапшылардың бірінші дәйегі – аудандарға қандай да бір ұлттың атауын бермеген жөн дейді. Өйткені ондай жағдайда өлке эксклавқа айналып кетеді. Ауданның осылай аталуы – Кеңес заманында қолданылған «бөліп ал да, билей бер» қитұрқы саясатының нәтижесі болса керек.
Екіншіден, бұл атау – өлкедегі әлеуметтік шиеленіске жанама болса да, ықпал ететін факторға айналыпты. Себебі, кейде тұрмыстық жанжалдар кезде «ауданның иесі кім екенін ұмытпа!», «ауданға атын берген ұлттың кім екенін біліп ал!» деген сияқты «кесір, қысыр дәйектеме» алға тартылады екен. Тіпті мектеп оқушылары төбелессе де, «бұл біздің аудан!» деп жұдырықтасатынын тұрғындар айтып еді. Яғни, үй арасындағы қарапайым тайталас саяси сипат алып кетеді. Демек, аудан атауын өзгерту арқылы тұрмыстық жанжалдардың саясилануына тоқтау саламыз.

Үшіншіден, 1934 жылы кеңестік идеология негізінде құрылған Ұйғыр ауданы – Қазақстандағы нақты бір ұлттың атымен аталатын жалғыз аудан. Әйтпесе, өзге этностар да өз ұлтының атын ауданға телуді сұрауы ғажап емес.

Төртіншіден, шетелден келген қонақтарға жер атаулары қазақ тарихынан мағлұмат беріп тұруы қажет. Әйтпесе, карталарда Қазақстан жерінде Ұйғыр ауданының болуы әлем жұртшылығын жаңылыстырады, халықаралық қоғамдастық ұйғыр мемлекеті осында орналасқан шығар деп ойлауы мүмкін. Сондай-ақ бұл жайт көрші ҚХР-дағы жаһанды алаңдатқан аумақтық дауды қазақ еліне көшіргендей болады.

Бесіншіден, атауды өзгерту – 1881 жылғы «Петербор шарты» негізінде Қытай өкіметінің қудалауынан құтылып, қазақ елін, Жетісу жерін қоныстанған, өркен жайған бақытты ұйғыр этносының қазіргі ұрпағының Қазақ халқына АЛҒЫС білдіруінің бір белгісі болмақ. Сондықтан аудан атын өзгертуге көзі ашық, көңілі ояу жергілікті тұрғындар қарсы емес, қолдайды. Аудан атауы өзгергенімен, ауданда ұйғыр тіліндегі мектептер жұмыс істей береді, ұйғыр тілінде газеттер ары қарай шығады, ұйғыр мәдениетінің дамуына да жағдай жасалады, яғни жергілікті жұртшылық үшін бәрі бұрынғыдай сақталады.

Демек, бұл ауданды «Қарадала ауданы» немесе «Шарын ауданы» деп өзгерту туралы қоғамдық бастаманың бірін қолдаған жөн деп санаймыз. Аталған ауданда мысалы, Ілеге құятын атақты Шарын өзені ағады. Ең бастысы, ғаламшарымыздың миллиондаған жылғы дамуының көрінісі әрі мирасы саналатын, бүкіл әлемге танымал, табиғат ғажайыбы – Шарын шатқалы да сонда орналасқан. Оның үстіне Ұйғыр ауданы бұрынғы Шарын болысының негізінде құрылған.
Ұйғыр ауданын Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгерту Болашағы біртұтас ұлт жасауға үлес қосатын қадам дейді қоғам өкілдері. Ең бастысы, халықтың көңіліне кірбің салып жүрген, жоғарыда айтылған теріс факторларды жоюға жол ашады.

Қалай болғанда, Жаңа Қазақстанды құру жолында ел тілегін орындаған, халық қалауына құлақ қойған маңызды. Еліміздегі әр өлкенің атауының өзі ұлттық болмысымызбен біте қайнасып жатқаны ләзім.

Жаңа Қазақстандағы жаңғыру жаңа атаудан да бастау алмақ, жаңа атауларымен – тарихқа да жазылып қалмақ», – деп жазады.

Ашық дереккөздерде Ұйғыр ауданы 1934 жылы құрылғаны жазылады. Аудан халқының саны Аудан халқының саны 63 288 адам (2019), ұлттық құрамы: ұйғырлар (57,91%), қазақтар (40,06%), орыстар (1,58%), өзбектер (0,17%), басқалары (0,45%).
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.