Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, қала жастарын сейсмикалық қауіпсіздік туралы ақпараттандыру жұмыстарын өткізуде. Аталмыш шаралар қаламыздың ЖОО-да өтіп жатыр.
Осындай іс-шаралардың бірі Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өтті. ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері подполковник Медеу Шакенов студенттерге жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайларда әрекет етудің негізгі қағидаларын түсіндірді.
– Апат айтып келмейді. Соған орай, азаматтарымыз, соның ішінде жастарымыз өзін-өзі қорғай алатындай, төтенше жағдай кезіндегі алғашқы қадамдарға дайын болуын қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан біз осындай шаралар арқылы жастарды оқыта отырып, олардың төтенше жағдай кезінде біріншіден өздерін және басқаларды қорғай алатын қабілеттерін дамытамыз. Жастар үшін осындай ақпараттандыру шараларының өтуі өте маңызды , – дейді ТЖД өкілі Медеу Шакенов.
Сондай-ақ, іс-шарада табиғи апат немесе адамдардың қателігінен болатын өрттің бетін қайтаруға дайындық, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша мәселелер түсіндірілді.
– Бүгінгі шара арқылы мен өзім үшін көп жаңа ақпарат алдым. Менің ойымша, әрбір азамат төтенше жағдай кезінде «не істеу керек?» деген сұраққа жауап бере алу керек. Алдағы уақытта осындай шара өтсе, міндетті түрде қатысатын едім, – деді студент Ербол Бақытбеков. Сонымен қатар, алдағы уақытта қаламыздағы барлық комьюнити орталығында жастарға қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.