Қар суы: Қарағанды облысында бөгет жарылып кете ме деп тұрғындар қорқып отыр
arasha
Нұра өзені арнасынан тасып, айналасындағы елді мекендерге су жайыла бастағандықтан бүгін, 31 наурыз Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Садовое елді мекені тұрғындарының бір бөлігі басқа жаққа кете бастаған, деп жазады azatyyq.org
Тұрғындар ауылды су шаюынан сақтайды деп орнатылған бөгет су нөпіріне шыдамай, жарылып кете ме деп қорқып отыр.
– Адамдар кетіп жатыр: бірі көрші – Гагарин ауылына, бірі – Теміртауға кетіп жатыр. Енді ол жақта жеңіл көлікпен жүру қауіпті. Әлі су ағып жатыр. Орнатылған дамба шыдамай ма деп қорқып отырмыз. Мен отбасымды көрші ауылға апардым, өзім осында қалдым, себебі мұнда ірі қара малдарым бар, оларды қарау керек, – деді Азаттық тілшісіне Садовое елді мекенінің тұрғыны Құрмет Уәжиев 31 наурызда.
Азаттық тілшісімен сөйлескен кейбір тұрғындар «билік ауыл тұрғындарын басқа елді мекенге көшірсін» деп бұрын талап еткен мәселесін қайта қозғаған. Бірнеше жыл бұрын су тасқынынан зардап шеккен жергілікті тұрғындар биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен еді.
Садовое елді мекенін су басып жатқанын растаған жергілікті әкімдік өкілдері қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз деді.
– Тұрғындарды жаппай көшіріп жатқан жоқпыз. Бірақ сұраған азаматтарға көмек беріп жатырмыз. Қазір ауылға жеттік, ол жаққа эвакуатор жібердік, онда ұлттық гвардия жасақтары суды бөгейтін құм құйылған мөшектерді төсеп жатыр. Су Нұра өзені сағасынан келіп жатыр. Бөгеттер арасынан су кіріп жатыр, өзен арнасы толды, – деді Азаттыққа Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардаков.
Ауа райының жылынуына байланысты Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра ауданындағы Шерубайнұра, Нұра, Құндызды өзені арнасынан асып, айналасына жайылғаны туралы ақпараттың шыққанына бірнеше күн болды.
Жұма, 29 наурызда Шет ауданындағы Қызылқой ауылында 9 үйді су басып қалған. Ресми дерек бойынша,16 адам эвакуацияланған. Олар туған-туыстарының үйін паналаған.