arasha.kz

Арселор Миттал Теміртау шахтерлар жалақысын өсірді ме?

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаңтардың 17-і күні металлургтар мен шахтерлердің жалақысын төлеу тәртібі өзгергенін хабарлады. Ал кәсіподақ жалақы мәселесі біріккен комиссияда енді талқыланатынын айтады.

Қарағанды облысындағы шахта мен металлургиялық комбинатының иесі саналатын «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көмір, болат және темір кені департаменттері жұмысшыларының жалақысы өсетінін хабарлады. Компанияның бұл департаментінде мыңдаған жұмысшы бар.

АМТ баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесінде «компанияның көмір департаментінің жер асты жұмысшылары мен Атасу кен орнындағы «Өркен» ЖШС жұмысшыларының жалақысы ұжымдық келісімге сай 30 пайызға және жалақы индексациясын 3,55 пайызға; көмір департаменті, болат департаменті және «Өркен» ЖШС жер үсті жұмысшыларының жалақысы грейдерлік жүйемен 30 пайызға өседі» деп жазылған.

Хабарламада «болат департаменті мен көмір департаментінің жер үсті жұмысшыларының жалақысын өсіру мәселесі қаңтардың 26-сына дейін қаралып, шешіледі» деп көрсетілген.

АМТ «грейдерлік жүйе» тіркесін бұған дейін де бірнеше рет қолданған. Мәселен, қаңтардың 17-і күні жарияланған компания мәлімдемесінде де осы тіркес айтылған. 2017 жылдың жазында компания жалақы төлеудің «грейдтік жүйесі» бар деп мәлімдеген. Бірақ бұл сөздің мағынасын жұмысшылардың өзі түсінбеген.

Компания мен кен жұмысшыларының жалақы дауы 2017 жылдың соңында бірнеше күндік шеруге ұласқан.

Желтоқсанның 11-і күні АМТ компаниясына қарасты шахтада жұмыс істейтін жүздеген кенші жер бетіне шығудан бас тартқан. Олар жалақыны 100 пайызға өсіруді талап еткен. Кеншілер наразылығы төрт күнге жалғасқан. АМТ соттан кеншілер әрекетін заңсыз деп табу туралы шағым түсірген.

Ал желтоқсанның 14-і күні Шахтинск соты шеруді тоқтату туралы шешім шығарған. Кейін екі тарап келіссөз бастаған. Ал Қарағанды облысының әкімдігі «жалақы көтеру мәселесі өз шешімін тапты» деп хабарлаған.

 

Азаттық тілшісі кеншілер мен металлургтердің кәсіподағына хабарласқан. «Қорғау» кеншілер кәсіподағының жетекшісі Марат Мирғаязовтың айтуынша, қаңтардың 17-і күні Теміртауда біріккен комиссияның жұмысшылар жалақысын көтеру мәселесі қаралады.

– Бұйрық шыққан. Бірақ біз өз көзімізбен көргіміз келеді. Жер асты жұмысшыларының жалақы мәселесі толық шешілді. Жалақы мен тарифтік мөлшерлеме 30 пайызға өсіп, 3,55 пайызға индексация жасалады. Ал жерүсті жұмысшыларының жалақысы туралы әлі анық емес. Олардың табысын 30 пайызға дейін өсіру сөз болған. Енді олардың ұсынысын көреміз. Бүгін комиссия отырысында жерүсті жұмысшыларының еңбекақыны көтеру жүйесін талқылаймыз. Бір анығы ақпанда (қаңтардың жалақысы – ред) барлық жұмысшы өскен жалақы алады, – деді кәсіподақ жетекшісі.

Ал «Жақтау» металлургтер кәсіподағының хабарлауынша, АМТ жалақы өсіру туралы хабарламаны асығыс жариялаған. Себебі жалақы мәселесіне қатысты комиссия отырысы енді басталады.

– Келісімде жазылғандай тараптар тариф пен еңбекақыны көтеру бойынша бір шешімге келген. Келісімде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны 30 пайызға көтеру жазылған. Бұл біздің бас директормен жасалған келісім. Онда «грейд» деген сөз жоқ. Олар (АМТ-ред) қайда асығып жатқанын түсінбедім. Қаңтардың 26-сына дейін болат департаментінің жалақысына қатысты шешім қабылдауымыз керек. Ал біріккен комиссияның отырысы бүгін басталды, – дейді «Жақтау» кәсіподағының жетекшісі Виктор Щетинин.

АМТ компаниясының кеншілері мен металлургтары өз жұмыстарының ауыр әрі қауіпті екенін жиі айтып, бірнеше жылдан бері жалақыны өсіруді талап етіп жүр.

Желтоқсандағы кеншілер шеруі кезінде Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенов шахтерлардың ең аз табысы 320 мың теңге (шамамен 900 доллар) деген. Ал кеншілер 120 мыңнан 210 мың теңге арасында айлық алатынын айтқан. Шахтерлар сөзінен кейін министр қызметтік тексеріс басталғанын хабарлаған.

Дереккөз: azattyq.org

Exit mobile version