arasha.kz

Қазақтардың шетелдік жұмысшылармен төбелесінен соң полиция жеті адамды қамауға алған

Қарағанды облысындағы Жәйрем тау-кен комбинатында болған жанжалдан кейін жеті адам ұсталып, тергеу изоляторына қамалған. Бұл туралы 20 тамызда Қарағанды облысы полиция департаменті хабарлады, – деп жазады Азаттық.

Полиция департаментінің мәліметінше, ұсталғандар 22-33 жаста. Олар «бұзақылық және бөтеннің мүлкін ұрлау» бабы бойынша күдікке ілінген.

12 тамызда Жәйремдегі тау-кен комбинатында жанжал болып, шетелдік бірнеше жұмысшы жарақаттанған. Жергілікті билік олардың «жеңіл жарақаттанғанын» хабарлаған. Билік жанжалдың себебін, нақты қанша адамның зардап шеккенін ашып айтпады. Полиция оқиғаны «тұрмыстық жанжал» деп атады.

Жергілікті тұрғындар мен куәгерлер Азаттық тілшісіне төбелес интернетте тараған қыздың жалаңаш суреті себеп болғанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, суретті шетелдік жұмысшылардың бірі таратуы мүмкін. Кейбір тұрғындардың айтуынша, жергілікті тұрғындар комбинатта шетелдік жұмысшылардың істегеніне қарсы шыққан. Кейбір ақпараттық сайттар Жәйремдегі жанжалды қазақтар мен шетелдік жұмысшылардың арасындағы төбелес деп жазды.

Жәйремдегі комбинат оқиғаға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Exit mobile version