arasha.kz

Қасымбекке қарап тұрған атаулар

16 желтоқсанда мемлекет Тәуелсіздігінің 29 жылдығы тойланады. 2021 жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толса да Қазақстан совет өкіметі тұсындағы ауыл-аудан, облыс, көше аттарынан арыла алмай келеді. Мұның бір себебін отарсыздану саясатының жүрмегенінен деп білсек те, аймақтардағы көше, ауыл-аудан атауларының ауысуы көп жағдайда аймақ басшысының ерік-жігеріне, мемлекетшілдігіне барып тіреледі. Оның үстіне біздің әкім-қаралар жоғарыдан тапсырма түспесе, президент айтпаса өз еріктерімен, өз құзіретіне кіретін жергілікті мәселелерді шешуге де аса құлықты болмайтынын қоғам іс жүзінде көріп келеді. Мысалы, sulpak дүкені алдындағы ағаштардың оталу оқиғасы  – соның бір дәлелі. Қала әкімі Сағынтаев іске мемлекет басшысы араласқан соң ғана барып, мәлімдеме жасап, оқиғаны бақылауына алды. Бұл бір ғана мысал.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына аяқ басқан шақта әр аймақта совет өкіметінің көзіндей болып тұрған ауыл-аудан атауларын өзгертуге не кедергі? Қарап отырсақ, мұндай жергілікті ономастика мәселелерін аймақ басшысы қасындағы ономастика комиссиясы қарап, комиссия шешімін негізге ала отырып, әкім қаулы етіп, мәслихат шешім етеді. Мысалы, Ерлан Қошанов Қарағанды облысын басқарып тұрғанда бірнеше ауылдың және оншақты көшенің атын қазақшаға ауыстырып қайта атаған

Одан бері облыста тағы да әкім ауысты. Қазір аймақ басшысы – Жеңіс Қасымбек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Жеңіс Махмұдұлы назарын аймақтағы ономастика мәселесіне аударуы керек-ақ. Біз әдетте даулы, шулы мәселелерді сөз етіп, аймақ әкімшіліктері «өрт сөндірушінің» рөлін «ойнап» жүргенде мемлекеттік маңызы өзге мәселелерден бір мысқал кем емес, ононмастика мәселелері қалтарыста қалып жатады.

Жеңіс Қасымбек аймақ басшысы ретінде ауыл-аудандарды түгел өз аяғымен аралап көрді ме, жоқ па беймәлім. Алайда, санаулы күндерден соң Тәуелсіздіктің 29 жылдығын тойлағалы отырған елге соның ішінде Қарағанды облысына бір ауданның өзінде он ауылдың атауы сол баяғы совет заманындағы атауынан айырылмай тұруы – сын.

Қарағанды облысына қарайтын Осакаров деп аталатын аудан бар. Астана мен Қарағанды қаласының ортасында жатыр. Осы ауданның атын ауыстыру жөнінде бірнеше мәрте түрлі бастамалар, ұсыныстар айтылғанымен бәрі аяқсыз қалды. Аймақ басшылары кімнен, неден жасқанатыны белгісіз. Міне, сол аты ауыспаған Осакаров ауданына қарасты он ауылдың аты әлі күнге өзгермеген. Қараңыз:

1. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Озерный ауылдық округi 
2. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Николаев ауылдық округi 
3. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Пионер ауылдық округі 
4. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Мирный ауылдық округi 
5. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Молодежный кенті
6. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Садовый ауылдық округі 
7. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Трудовой ауылдық округi 
8. Қарағанды облысы Осакаров ауданының Осакаровка кенті
9. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Звездный ауылдық округi 
10. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Родников ауылдық округі

Бір ауданда бір емес, екі емес он ауылдың аты орысша. Ал Тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл толды. Тізімдегі он ауылға Тәуелсіздік қашан жетеді? Ауыл-аудан аттарын қазақшаға көшіру, совет заманындағы атаулардан құтылу жергілікті жерде мемлекет Тәуелсіздігін орнықтыратын, халық санасына беріктендіретін негізгі алғышарттардың бірі. Мұны Жеңіс Қасымбек мырза біз айтпасақ та білетін шығар.

Ал енді Қарағанда облысының бір ауданындағы он ауылды қайта атау үшін бұл мәселеге де президент Тоқаев араласып, облыс әкіміне тапсырма беруі керек пе?

Өткенде экс-президент Н.Назарбаев ассамблеяның жиынында: “Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп нық сеніммен айта аламыз. Халқымыздың басым бөлігі – қазақ” деді. Біле білген әкімге бұл сөз бір ғана ономастика саласында еркін қимылдауға негіз бола алады. Ал Осакаров ауданы халқының 2019 жылдың басындағы дерек бойынша 44,60 % қазақ деп көрсетілген. 33,29 % – орыс, қалғаны – неміс, татар, украин диаспорасының өкілдері. Ендеше, аудан атымен бірге он ауылдың атын өзгертуге асу бермес кедергі жоқ деген сөз. Тек аймақ басшысының ерік-жігері жетсе, жергілікті халық ауыл-ауданның байырғы атауының қайтып оралуына қарсы бола қоймас.

Бұдан былай arasha Қарағанды облысының өзге өңірлеріндегі советтен қалған атауларды да жариялайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әр облыстағы қызыл өкімет тұсынан өзгермеген ауыл-аудан атауларын тізіп, көрсетіп отырады.

фото: ult.kz

Exit mobile version