Белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім Қарағанды қаласындағы Ленин даңғылына Абай деген жазуы бар тақтайшаны өз қаражатына орнатты. Күні кеше әлеуметтік желіде осы оқиға басты назарда болып, азаматтар өзара сүйінші сұрап жатты. Ал шын мәнісінде «Күн көсемнің» тасасында ондаған көшенің ұмытылып кеткені көңілге кірбің ұялатты.
Жыл басында БАҚ мен әлеуметтік желілерде Қарағанды қаласындағы 10 көшенің ұлттық сипат алғанын қуана жазған болатынбыз. Алайда орталық Қазақстан облысының орталығындағы он көшенің өзгеруі – қазақтың «асын ішіп, табағын тепкен» диаспораларға ұнамаған тәрізді. Әйтеуір қоғамдық тыңдаудағы үлкен айтыс-тартыстан кейін әзер дегенде он көше ұлттық сипат алды. Олардың ішінде:
Ленин – Абай Құнанбайұлы
Приканальная – Сарыарқа
Кривогуза – Қасым Аманжолов
Защитная – Григорий Потанин
Зональная – Александр Затаевич
Олимпийская – Нарманбет Төлепов
Волочаевская – Камали Дүйсембеков
Кувская – Қазыбек Нұржанов
Қасым Аманжолов – Балқантау
Қазыбек Нұржанов – Мерей
Өкінішке қарай 10 көшенің ішінде Ленин даңғылы ғана өзгеріп, қалған 9 көше баз баяғы қалпында қалды. Біздің ойымызша, қоғамдық тыңдауда жұрттың оң батасын алған көшелер облыстық мәслихаттың қарауынан өте алмаған тәрізді. Себебі жергілікті депутаттар қарапайым халықтың талап-тілегін мақұлдаса, тиісті шешімді республикалық ономастикалық комиссия шығаруы керек еді. Демек 9 көшенің ұлттық сипат алуына облыстық мәслихат депутаттары қарсы болса керек.
Ал қоғамдық тыңдауда халықтың рухы оянып, әлеуметтік желіде екі күн бойы Қарағандыдағы «мылтықсыз майдан» сөз болған еді. Дауыс беру кезінде халық «Ленин керек емес, Абай көшесі деп аталсын» деп ұрандап, «Көше атауларын өзгертудің уақыты келді» деп шулаған болатын.
Әйтсе де қала тұрғыны Нина Серова «Күн көсемге» араша түсіп, «Ленин біздің тарихымыз. Сондықтан оның аты қалсын», – дегенде халық орындарынан тұрып кетіп, оның сөзін аяқтатпай тастаған-ды. Бұдан бөлек «қазақша білмеген соң орысша сөйлеп тұрмын» деген Ержан Рыспаев «Қаншама қаражыны құр босқа көше атын өзгертуге жұмсағанша, аялдамалар мен жолдың сапасын жақсартпайсыңдар ма?», – деп наразылығын білдірді.
Қазына қаржысын үнемдегіш Ержан Рыспаевқа белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім әдемі жауап берді. Ол «Кәсіпкер ретінде қаншама қаражатты салыққа төлеп отырған адаммын, егер қажет болса осы көше атауларына кететін қаражатты мен төлеп берейін», – деп айтты. Ерлан Әшім сөзінде тұрып, көше атауы жазылған тақтайшаны өз қаржысына ауыстырып берді.
Ендігі мәселе облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті депутаттарға сөзін өткізе алмай, неге жеңілді деген сұрақ болып отыр? Себебі он көшенің аты ауысқанда, аймақ басшысының атына жылы сөздер айтылып, «Жас әкім іскерлігін танытты» деп мақтағандар болып еді. Өкінішке қарай Жеңіс Махмұдұлы «мақтаған қыздың» керін келтірді. Бір сөзбен айтқанда, жас әкім саяси ерік-жігер танытпай, жергілікті шовинистерден жеңіліп қалды. Ал мұндай әкім қаладағы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейханның атына бере ала ма? Ай қайдам.
Серік Жолдасбай