28-01-21 |
2010 рет қаралған
Аукционмен сатылып кеткен мұнай кеніштерінің ақшасы төленген жоқ.
Аукционмен сатылып кеткен мұнай кеніштерінің ақшасы төленген жоқ

Атырау облысына қарасты «Сарайшық» пен «Забурунье» жер қойнауы учаскелерін пайдалану құқығын сатып алуға арналған онлайн-аукцион қайта өтуі мүмкін.

Еске салсақ, 23 желтоқсанда ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану құқығын сатуға арналған алғашқы онлайн-аукционда Сарайшық бағасы мың есеге көтеріліп, 43 миллиардтан астам теңгеге сатылды. Бұл аукционда ұсынылған ең жоғары баға. Ал бастапқы бағасы 43,3 миллион теңге болатын. Одан кейінгі орында – Забурын жер қойнауы учаскесінің сатылым бағасы тұр – 16 миллиардтан астам теңге. Бұл екі жер телімін де «Petro Qazaq» ЖШС сатып алды. Оның құрылтайшысы Гаагада (Нидерланды) тіркелген оффшорлық Winsple Netherlands B.V. компаниясы.

Алғаш рет онлайн-аукционға басым бөлігі Атырау облысының аумағында орналасқан 10 жер қойнауы учаскесі саттыққа шығарылды. Олар: Сағыз, Қарабау, Забурунье, Бегайдар, Дереш, Балқұдық, Бестерек, Үштаған, Қошалақ және Сарайшық. Қалғандары – Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

Бірақ, аукционға 7 учаске ғана шығарылды. Бұл – Сағыз, Қарабау, Сарайшық, Забурын, Бегайдар, Балқұдық, Қошалақ. Қалған үш жер теліміне сұраныс білдіргендер аз болып, жеткілікті қатысушылар саны жиналмаған соң, аукцион өтпеген.

Аталған барлық жер телімі де Атырау облысының аумағында орналасқан (біреуі жартылай Ақтөбе облысына кіреді).

Сарайшық пен Забурын учаскелерінен басқа бес жер қойнауы учаскесі қазақстандық инвесторларға тиесілі.

Бегайдар мен Қошалақты бұрын мұнай және газ өндіру саласында болмаған «SapaInvestment» ЖШС пайдаланады. «SapaInvestment» құрылтайшысы – Санжар Омаров (негізгі бенефициарлар – Санжар Омаров пен Дамир Балтабаев).

Сағыз жер телімінде «TUMAR PETROL» ЖШС барлау жүргізеді. Оның құрылтайшысы – Тәтішевтер отбасына тиесілі KUSTO OIL PTE.LTD компаниясы.

Қарабау мен Балқұдық жер телімдері «Қарабау Петролеум» және «Балқұдық Мұнай» компанияларына сатылды. Бұл компаниялар «Қарамаржан Ойл энд Газ» ЖШС және «СТК-Групп проект» ЖШС арқылы Сейітжановтар отбасына тиесілі.

Қазақстанның мұнай-сервис компанияларының Одағы 26 қаңтарда таратқан мәліметке сәйкес, осы оффшорлық Whinsple Netherlands B.V. компаниясы «Petro Qazaq» ЖШС арқылы Атырау облысына қарасты Сарайшық пен Забурын ауылдарынғы жер қойнауы учаскелері үшін 60 млрд теңге ($ 140 млн) қол қою бонусын төлей алмады.  

Ал ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінің 100-бабына сәйкес, аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қол қою бонусын төлеуі тиіс.
– Заңнамаға сәйкес, компания төлемді осы жылдың 25 қаңтарына дейін төлеуі тиіс еді. Оның орнына Winsple Netherlands B.V. «Petro Qazaq» ЖШС арқылы ҚР Энергетика министрлігіне қол қою бонусын төлеу мерзімін 25 наурызға дейін ұзартуды сұрап хат жолдады. Себеп: COVID-19 пандемиясының зардабы – халықаралық шекаралардың жабылуы және компанияның ішкі операциялық мәселелерін шешудегі шектеулер – деп жазады Одақтың бас директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі «Petro Qazaq» ЖШС өтінішімен танысқан шешімді ведомствоаралық комиссия алдына талқылауға шығармақ.  

Ол оффшорлық Whinsple Netherlands B.V. компаниясының негізгі бенефициарлары еліміздің мұнай-газ саласында ықпалы бар Қазақстан азаматтары екенін жазады. Осыны ескере келе, аталған аты шулы екі жер қойнауы учаскесі бойынша өткен аукцион нәтижелері есепке алынбайды, бағалар жаңа аукциондарда қайта ұсынылады, дейді Жұмағұлов. 

– ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 94-бабының 2-тармағына сәйкес, Энергетика министрлігі аукционды жылына әрі кеткенде екі рет өткізуі тиіс. 

Атап өтетін жайт, Министрлік 23 қаңтарда 15 жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутек шикізатын барлау және өндіру құқығына аукцион жариялаған болатын. Аукцион 2021 жылдың 23 сәуірінде өтеді. Сарайшық пен Забурындағы жер қойнауы учаскелерін пайдалану құқығын да сол кезде аукционға сатуға шығарылатын болар, – дейді ол.

Бұдан бұрын Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 23 сәуірде Атырау облысында тағы 3 жер қойнауы учаскесінде көмірсутек шикізатын барлау және өндіру құқығын сатуға арналған электронды аукцион өтетіндігі хабарланған болатын. 

Ауданы 12,49 шаршы км болатын Биікжал учаскесінің құны 42,6 млн теңгеден басталады. Ең төменгі талапқа сәйкес, ол жерде 2 ұңғыманы бұрғылау қажет. Кен орнының өзі 1 миллион долларға бағаланып отыр.

Ауданы 31,82 шаршы км болатын Қасқырбұлақ Оңтүстік учаскесі 29,1 миллион теңгеден басталады. Бұл жерде кем дегенде бір ұңғыма бұрғылау қажет, ал бағалау құны – 500 мың доллар.

Біздің өңір аумағындағы үшінші участок – Прибрежное. Ол жалпы алаңы 72,28 шаршы км болатын 38 блоктан тұрады. Бағасы 8 миллион 751 мың теңгеден басталады. Бұл жерде кем дегенде 2 ұңғыма болуы керек. Учаскенің бағалау құны – 2 млн доллар.

Айтпақшы, Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, аукционға электронды сандық қолтаңбасы бар шетелдік азаматтар қатыса алады. «Бірақ, олар жер сатып ала алмайды. Қазақстан азаматтары сияқты жер қойнауын пайдалану құқығын сатып алады», дейді министрліктегілер.  

Аукцион арқылы жер қойнауын пайдалану құқығы жер иеленуге емес, белгілі бір мерзімге беріледі. Жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша барлау немесе дайындық кезеңінің ұзақтығы алты жылдан аспайды, ал көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары бойынша жер қойнауы учаскесінде – тоғыз жылдан аспайды.

Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалға алу шартына қол қояды.

Жобалық құжатты әзірлеу алдында әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізуге міндетті. Аукционнан түскен барлық қаражат мемлекеттік бюджетке құйылады.

 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.