Атырау облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты тергеу ісінде пайда болған Абай ескерткіші туралы ақпарат берді.
Атырау облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы 2018 жылғы 5 сәуірде өткен Атырау облысының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия отырысында Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнатуға рұқсат берілгенін хабарлады. Ұсыныс мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, 17 шілдеде министрлік жанындағы монументалды өнердің жаңа ғимараттарын салу жөніндегі комиссияда мақұлданған.
2019 жылдың 19 қарашасында мүсіндік жобаларға байқау өткізілді. Облыстық комиссия екі нұсқаны таңдады, оның ішінде 20 қарашада республикалық комиссия 777888 үлгісін үздік деп таныды, оның авторы мүсінші Асқари Нартов.
«Атырау қаласында Абай Құнанбаев ескерткішін орнату үшін Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі 2021 жылдың 3 қарашасында «Балқыту» ЖШС директоры Адамов Өміртай Олжанұлымен №16 келісімшартқа қол қойды. Сомасы 145 млн 1 теңге 66 тиын», – деді мәдениет басқармасы.
2021 жылы ескерткіш орнатуға 72 миллион 499 мың теңге бөлінген. Бұл сома толығымен игерілді. Қалған сома 2022 жылдың бюджетінен бөлінеді.
Еске салайық, БАҚ-та Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ескерткіш орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасауға көмектескені үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны туралы ақпарат тараған болатын.