arasha.kz

Елімізге келген әр шетелдік үшін туристік компанияларға ақша төленеді

Жаңа жылдан бастап Қазақстан шекарасын аттаған әр шетелдік үшін турфирмаларға ақы төленуі мүмкін, деп хабарлайды  КТК .

Мәдениет және спорт министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, туроператорларға осындай қолдау көрсетілмек. Әр шетелдік турист үшін субсидия құны 15 мың теңге. 

«Бірақ бұл бастаманың шикі тұсы көп деп отыр», – сарапшылар. Жүйенің шалалығы сондай, тіпті келер жылы жүзеге аспауы да мүмкін дейді. Оған айтарлықтай бірнеше себеп те бар. 

Ең алдымен пандемияға байланысты ел шекарасы бірқатар мемлекеттер үшін жабық. Дәл қазір Қазақстанға тек арнайы рұқсат қағазы барлар ғана келе алады. Ал қыдырып келгендерді қабылдауға мемлекет әзір дайын емес. Сондай-ақ бөлінетін субсидияның туроператорларға қандай жолмен берілетіні де белгісіз. Сондықтан бұл бастама жаңа жылда іске аса қоюы екіталай дейді сарапшылар. 

«Біздің қолымызда әлі нақты механизм жоқ. Шетелдік туристер үшін төленетін субсидия қалай берілетінін әлі ешкім білмейді. «Қазақтуризм» бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Турфирмарларға ақша әр турист үшін төлене ме? Әлде жыл қорытындысы бойынша қанша адам ұшып келгенін есептей ме? Ол жағы да белгісіз. Әрине, жаңа жылдан бастап бастама іске асса, жақсы болар еді. Бірақ дәл қазіргі жағдайды ескерсек, олай болмайтын секілді», –  дейді Қазақстан туроператорлары қауымдастығының  президенті Инна Рэй.

Exit mobile version