Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company мекемесінде жүріп жатқан 5/50 «жұмсақ оңтайландыру» бағдарламасы мұнайшылар арасында наразылық тудырып отыр. Жұмыстан кеткен мұнайшылар жалақыларының дұрыс есептелмегеніне шағымданады. Компания директоры жалақының заңға сәйкес келсе ғана төленетінін айтады.
«Қазмұнайгаз» компаниясының еншілес мекемесі Oil Construction Company (ОСС) былтырғы ондаған адамның жұмыстан шығарылып, кәсіподақ жетекшілерінің сотталуымен аяқталған аштық акциясынан соң оңтайландыру оптимизациялау процесін жүргізіп жатыр. «Қазмұнайгаздың» басқарма шешімімен қабылданған еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша мерзімінен бұзу туралы ережеге байланысты мұнайшыларға былтырғы сәуір айынан бері 5/50, яғни бес жылдық жалақының елу пайызын алдын ала төлеу арқылы еркімен жұмыстан шығу ұсынылған.
ОСС компаниясынан бес жылдық жалақысының елу пайызын алдын алып, еркімен жұмыстан кеткендердің бірі- Мұхтар Оразалиев. Ол бұл компанияда құбыр құрастырушысы болып 2006 жылдан бері жұмыс істеген.
Мұхтар Оразалиев өзін ешкімнің жұмыстан кетуге мәжбүрлемегенін айтады. Бірақ мұнайшылар арасында өтетін жиналыстарда талап қойып, сауал тастаудан бас тартпайтын мінезінің салдарынан моральдық- психологиялық түрткіге көп душар болдым дейді.
– Әрине, ашық болмаса да түрткі бар ғой. Содан соң «еркіңмен» кетуге мәжбүрсің. Бірақ, біздің түсінбегеніміз жұмыстан шығып кетіп бара жатқан соң толық есеп айырысып, жыл соңында берілетін «он үшінші» жалақымызды алуға тиіс едік. Ешкімге ондай жалақы берілмеді, – дейді ол.
Мұхтар Оразалиев ақпанның 9-ында Маңғыстау облыстық еңбек басқармасына 300-ден астам адамның қол қойып, жұмыс берушінің әрекетінің заңдылығын анықтап беруді сұрап шағым түсіргендерін де айтады.
– 9 ақпанда ОСС бас директоры Серік Әбденовтен анығын сұрауға бардық. Кеңсенің алдына үш жүз адам жиналдық. Ешкім бізбен сөйлеспеді. Cодан соң еңбек басқармасына арыздандық. Жұмысшылар жалақыларының толық есептелмегеніне наразы, -дейді ол.
Мұхтар Оразалиевтің ойынша, мекеме ұсынып отырған оңтайландыру бағдарламасынан мұнайшылар ұтып отырған жоқ. Компаниядағы ағаш шебері, тас қалаушы тәрізді салалық емес мамандық иелері мәжбүрлеп шығарылды дейді ол.
– Жергілікті телеарналардан «5/50-дің арқасында бизнес ашты» деп жарнамалап жатыр. Шынын айтқанда осы алған ақшамен мұнайшылардың 99 пайызы баласын оқытуға, үй салуға, пәтер,көлік алуға кеткен қарыз несиесін жапты. Енді жұмыссыз үйде отыр,- дейді ол.
40 жастағы Мұхтар Оразалиев – 2017 жылғы мұнайшылар аштық акциясының белсенді қатысушыларының бірі. Ол 21 күнге созылған ОСС мұнайшыларының тәуелсіз кәсіподақ конфедерациясын жаппауды талап еткен наразылығы кезінде кәсіподақтың маңызы туралы ой -пікірін айтып көзге түскен болатын.
ОСС компаниясының бас директоры Серік Әбденов Азаттыққа «он үшінші» жалақының «ережеге сәйкес» келсе ғана төленетінін айтты. Ол «он үшінші» жалақы жұмыстан өз еркімен кеткендердің барлығына бірдей, яғни мамандығы негізгі профиль болмаса да төленуі тиістігін айтты.
– Тәртіп бойынша, ол адам 31 желтоқсанда штат кестесіне сай жұмыста болса ғана төленеді, – деді ол.
Азаттық тілшісі «он үшінші» жалақы туралы ОСС бас директорының адам ресурстары, еңбек ақы, әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Нұржан Қалдыбатырмен де сөйлесуге тырысқан еді. Алайда ол «уақытым жоқ» деп түсініктеме беруден бас тартты. Ал компанияның еңбек бөлімінің бастығы Әлия Тоқпаева «бастықтардың рұқсатынсыз» ештеме айтпайтынын мәлімдеді.
Мұхтар Оразалиев болса «31 желтоқсанда штат кестесіне сай жұмыста болу» туралы директордың уәжімен мүлде келіспейді әрі өзінің жыл соңына дейін жұмыста болғанын айтады.
– Әуелде менен 31 желтоқсанға дейін жұмыс істей беруді сұрады. Мен келістім, бірақ компанияның кадр бөліміндегілер маған 29 желтоқсан күні менің жұмыстан босатылғаным туралы бұйрық шыққанын хабарлады. Егер бізге 31 желтоқсанға дейін жұмыс орынында болуымыз туралы айтса, оны орындар едік,- дейді ол мән-жайдан толық хабардар бола алмағанына қынжылып.
Маңғыстау облыстық еңбек басқармасында мұнайшылар арызының түскенін растады.
– ОСС компаниясы мұнайшыларының арызына байланысты тексеру 13 ақпаннан басталды. Бір айдан соң жауабын береміз,- деді облыстық еңбек басқармасы қызметкері Ақгүл Аманшаева.
Маңғыстаулық азаматтық белсенді Жәнібек Қожық 5/50 бағдарламасын аймақтағы болашақ халық толқуының көзі деп санайды. Оның ойынша, көптеп жұмыстан босап жатқандар облыста онсызда белең алып тұрған жұмыссыздардың қатарын толықтыра түседі.
– Өзге аймақтармен салыстырғанда Маңғыстауда тамақ, киім, тұтыну бұйымдары өте қымбат. Басқада түрлі әлеуметтік қиындықтарға жаппай жұмыссыздық қосылып халықттың наразылығына ұласуы әбден мүмкін,- дейді ол.
Азаматтық белсенді мұнайшылар 5/50 бағдарламасына сәйкес бірнеше жылдың жалақысы жиналған қомақты ақшаны алғанымен оның буы бір жылдан аспайды деп есептейді.
– Мыңдаған адам жұмыстан шығып жатыр. Олардың ары кетсе он – он бесі ғана кәсіп ашуы мүмкін. Ал қалғаны ше, қалғаны отбасын, өзін қалай асырайды? – дейді ол.
«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының сервистік еншілес мекемесі Oil Construction Company мекемесінің мұнайшылары тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап етіп, 2017 жылдың 5-21 қаңтары аралығында аштық жариялаған болатын. Нәтижесінде 63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік сотқа тартылып, оларға жалпы сомасы 3 миллион 854 мың 870 теңге шығынды өтеу міндеттелген. Он шақты адам жұмыстан шығарылып, компаниядағы жұмысшылар құрған тәуелсіз кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев әрқайсысы екі және екі жарым жылға түрмеге қамалған.
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024