Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы үш жылдық даму жоспары туралы баяндамасында аймаққа инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталды.
2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 8 мың жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр. Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдары кеңейтіліп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион дана қағаз бен картон бұйымдары өндірісін іске қосады
Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту мақсатында «Өндіріс» индустриялық аймағы 96 гектардан 562 гектарға дейін ұлғайтылады.
Аймақ басшысы қызметке кіріскелі бері 40-тан астам шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Енді облыс Ресей және Қытаймен сауда байланысын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, инвесторлармен жұмысты күшейту мақсатында Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады. Бұл шаралар нәтижесінде 2028 жылға қарай облысқа тартылатын инвестиция көлемі 547 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге дейін артады деп күтілуде.
«Осы ретте алдағы аптада Қытайға іссапарға шығып, 1 миллиард 200 миллион АҚШ долларына инвестициялық және өңірдің кәсіпкерлерінің өнімдерін сату бойынша 15 меморандумдарға қол қоятын боламыз. Өңірдің дамуына инвестиция тарту – әрбір деңгейдегі әкімнің міндеті. Осыған орай Семей қаласында инвесторларға сүйемелдеу қызметін көрсететін «Инвесторлар үйі» ашылады», — деді аймақ басшысы.