Депутаттар Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасымен жұмыс аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағына барды.
Жұмыс тобының көшпелі отырысына Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Павел Казанцев, Болат Керімбек, Сенат депутаты Галиасқар Сарыбаев, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай, сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті мен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ-ның жауапты өкілдері қатысты.
Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің айтуынша, бұл кешен қазіргі «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің инфрақұрылымы негізінде салынуда және орта класты жаңа буын «Союз 5» зымыран-тасығышын ұшыруға арналған. Депутаттар бұл жоба Қазақстанға спутниктерді құрастырудан бастап, оларды ұшыру және ел экономикасының мүддесіне сай пайдалануға дейінгі ғарыштық қызметтің толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Одан әрі Парламент депутаттары «Зенит-М» ғарыш зымыран кешеніндегі құрастыру-сынақ кешені мен ұшыру қондырғысын жаңғырту және қайта құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ олар «Союз-2» (31-алаң) зымыран тасығышының ұшыру кешенін көріп шықты және Қазақстанның «Qazcosmos» бақылау пунктінен «Союз МС-27» транспорттық басқарылатын ғарыш кемесімен бірге ұшырылған «Союз-2.1а» зымыран тасығышының ұшырылуын бақылады.