Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Абай облысына барып, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрт қауіпсіздігі шараларымен танысты.
Инспекция аясында өрттен зардап шеккен аумақ қаралды. Биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері мемлекеттік орман қоры аумағында 5 орман өрті тіркелді. Жалпы от шарпыған аумақ 1040,49 гектарды құрады, оның ішінде 277,8 гектары орманмен көмкерілген. Қалпына келтіруді қажет ететін аумақ — 36 гектар.
Орман алқаптарын қалпына келтіру мақсатында резерватта 2,8 мың гектар жерге 9 млн-нан аса қарағай көшеттері отырғызылды. 2025 жылы қосымша 4,8 мың гектар жерге орман отырғызу жоспарланып отыр.
Тексеру қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев мемлекеттік орман қоры мен оған іргелес аумақтарда минералдандырылған өртке қарсы жолақтардың енін ұлғайтуды тапсырды.
Сапар барысында вице-премьер Бесқарағай ауданына қарасты Батпаев орман шаруашылығында болып, орман қорғау қызметкерлеріне 26 шағын өрт сөндіру кешенінің кілтін табыстады.
Сондай-ақ 2025 жылы лизингтік қаржыландыру аясында резерват қажеттіліктеріне 39 өрт сөндіру көлігін сатып алу жоспарланып отыр.
Бүгінде резерват құрамында 34 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Резерватпен шекаралас шалғай елді мекендерде механикаландырылған бақылау бекеттері орнатылған. Олар ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және спутниктік байланыс құралдарымен жабдықталған.
Бұдан бөлек, резерват аумағында орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ауданы 600 мың гектарды қамтитын 36 мұнаралы құрылғы орнатылады. Жүйені іске қосу 2025 жылдың шілде айының басына жоспарланған.