Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысып жатыр.
Ол өз сөзінде депутаттарды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019-2022 жылдарға арналған жолдауларының орындалу барысы туралы хабардар етті.
Барлық бағдарламалық құжаттар халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тапсырмалар қиын кезеңде, үнемі туындап отыратын сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылды. Дегенмен жалпы қойылған міндеттер жүзеге асырылды, ал ұзақ мерзімді және жүйелі тапсырмалар орындалу барысында, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында үлкен саяси өзгерістер туралы жариялады. Себебі елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін болмайтын еді.
Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы іске асырылуда. Бұл құжат демократияны нығайтудың жаңа кезеңі және көппартиялықты дамыту мен бәсекелі сайлауды өткізу жолындағы алғашқы қадам болды. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жалпыұлттық деңгейде Ұлттық құрылтай құрылды. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәртібі заңнама деңгейінде реттелді. Алғаш рет заң жүзінде сыбайлас жемқорлық қылмыс орын алған мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі бекітілді – деді ол.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Ол азаматтар мен бизнестің мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді.
Заң жүзінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігі артып, қылмыстық процесте тараптардың сайыскерлігі және теңдігі қамтамасыз етілді. Алғаш рет мемлекеттік органдар үшін азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуіне арналған бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілді. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау институты енгізілді. Оның аясында 1576 ауыл әкімі сайланды. Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізу арқылы шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге түпкілікті тыйым салынды – деді Премьер-министр.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Үкімет «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірледі. Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін арттырады.
«Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатын бекіте отырып Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Аумақтық даму жоспары іске асырылуда. Осы қағидаға сәйкес біз ауылдардағы, моно және шағын қалалардағы инфрақұрылым деңгейін базалық стандарттарға жеткізетін боламыз. Аралас сайлау жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Қазақстанда адам құқықтарын қорғау саласында өлім жазасы біржола жойылды – деді Үкімет басшысы.
Ол Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын, бұл тек осы өңірлердің ғана емес, жалпы еліміздің дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.
Агломерацияларды дамыту мақсатында биыл жергілікті билік органдарының агломерацияларды дамыту саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған заң қабылданды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру бойынша жаңа әкімшілік реформа аясында жұмыс жүргізілуде. Үкіметтің 500-ге жуық функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді және жергілікті атқарушы органдарың өкілеттіктері кеңейтілді. Мемлекеттік қызметшілер саны 15%-ке қысқартылды. Осы жұмыс – мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы кезекті қадамы. Бұл министрлер мен әкімдердің өздері басқарып отырған салаларды дамытуға деген жауапкершілігін арттырады – деді Смайылов.
Arasha.kz
ФОТО: Үкімет