Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 200-ге жуық тұрғыны 20 қаңтарда жергілікті әкімдікке барып, мұнай саласындағы кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа тұрғызуды талап етті. Азаттыққа бұл туралы белсенді Нұрсұлтан Нұрымов хабарлады.
Белсендінің сөзінше, «бұл – тұрғындар жұмыс талап еткен биылғы алғашқы жиын. Былтыр Жаңаөзен тұрғындары тұрақты жұмысқа тұрғызуға көмектесуді сұрап, әкімдікке бірнеше рет барған, бірақ нәтижесіз аяқталған».
Нұрымовтің сөзінше, талап қоюшыларды қала әкімінің орынбасары қабылдап, жұмыссыз тізімін жасауды сұраған және мәселені қарастыруға бір ай мерзім керектігін айтқан. Алайда, наразылар әкім орынбасарының жауабына қанағаттанбай, талаптары орындалғанша жинала беретінін мәлімдеген.
– Соңына дейін барамыз. 2019 жылы да осындай уәделер берілген, бірақ одан мәселе шешілмеді. Тағы да жиналамыз, талап ете береміз,- дейді Нұрсұлтан Нұрымов.
Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың Азаттыққа телефонмен айтуынша, «қазір қаладағы мұнай өндіру саласы бойынша кәсіпорындарда вакансия жоқ, сондықтан әкімдік жұмыссыз тұрғындарды мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен өзге де сервис кәсіпорындарға жұмысқа орналастыруға тырысады».
Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен қаласында (жанындағы Теңге және Қызылсай ауылдары тұрғындарын қоса алғанда) 151 мыңға жуық адам тұрады. Қалада «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорыны «Өзенмұнайгаз» кәсіпорыны бар.
2019 жылдың бас кезінде Жаңаөзенде жұмыссыздар наразылық білдіріп, жастар мәселесіне назар аударуды сұраған. Жаңаөзен тұрғыны, қарсылық білдірушілердің жетекшілерінің бірі Ержан Елшібаевты қазан айында бес жылға бостандығынан айырған. Оның үстінен полиция қызметкері «2017 жылы бұзақылық жасап, дене жарақатын салды» деп арыз түсірген еді. Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты саяси тұтқын санатына қосқан.
Бір жыл бұрын, қаңтар айында Жаңаөзенде ондаған адам жергілікті әкімдікке келіп, автомобильге пайдаланатын газ бағасын арзандатуды талап еткен болатын. Қаңтардан бастап газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскен еді. Жаңаөзен әкімі Ибағаров тұрғындардың талабын Маңғыстау облысының әкімдігіне, премьер-министр мен энергетика министріне жеткізуге және мәселені шешуге бір жарым ай мұрсат сұраған болатын.
Дереккөз: Азаттық Радиосы
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024