Қазақстанның ғажайып табиғаты саналатын Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалы қоқысқа толды. «Қызылсай» табиғи паркінің инспекторлары дабыл қақты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Бозжыраны тамашалауға соңғы екі айда 2 мыңға жуық саяхатшы келген. Олардың әрқайсысының артын жинап жүруге инспекторлардың мүмкіндігі жоқ. Әр адам өзінің қоқысын алып кетсе, айнала таза болатынын айтады олар.
Аңызақ дала, ойыс-шұңқырлы құмды жол, шөлді ландшафт. Табиғаттың ғажап туындысы саналған Бозжыраға жету жолы оңай емес. Таңдай қағып тамсанатын қыраттар Жабайұшқан қаумалының бір бөлігінде орналасқан. Әктастардан құралған таулардың биіктігі 250 метрге жетеді. Жұртты қызықтыратыны да сол.
Бозжыра шатқалындағы көріністі тамашалауға туристер Ақтаудан 300 шақырым жол жүріп келеді. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жер ежелгі Тетис мұхитының түбі болған. Қамал іспеттес, азу тістес таулар бұрынғы мұхит шөгінділері.
Көрікті жерді көруге келетіндер күн санап көбейіп келеді. Бірақ бәрі бірдей тазалық сақтамайды дейді инспекторлар. Кейбірі от жағып, ішімдік бөтелкесі мен тамақ қалдықтарын далаға шашып кетеді екен. Тіпті кейде қоқысты жинап үлгермейтінін айтады. Олар Бозжыраны көруге келгендерге тамақ ішіп тынығатын орындар салынса деген ниет білдірді.
“1-наурыздан бері осы туристік маршруттың жұмысы басталғалы 2000-ға жуық адам келді. Мейрам күндері одан да көп келеді. Барынша ескертіп нұсқаулық береміз. Бұл жерде от жағуға болмайтынын, қоқыс тастауға болмайтынын айтамыз. Бірақ туристердің барлығын бірдей бақылай алмай отырмыз. Сол себепті осы арада болашақта туристерді реттейтін бір орын салынса деген ұсынысымыз бар”, – дейді «Жабайұшқан» табиғи қаумалының аға инспекторы Наурыз Әнесов.
Бозжыра шатқалында қонақ үй салынбайтын болды
Бозжырада «Адай» күйін ойнаған музыканттар көпшілікті тамсандырды
“Орталық салудағы мақсат – транспорттың жүрісін бәсеңдету. Туристердің қозғалысын тәртіпке келтіру керек.Оларды қабылдауға алдымен жоғарыдан жол салыну керек. Жосалы арқылы түсетін 18 км жол бар. Міне, осыны асфальттау керек. Еш шаң шықпау керек”, – дейді эколог Орынбасар Тоқжанов.
Алайда Бозджырада қонақ үй мен демалыс орнын салуға екінің бірі келісе бермейді. Тау-тасты кезген туристер тек қоқыс тастайтын жәшік пен әжетхана қойса жетіп жатыр дейді. Ал тұмса табиғатқа тиіспесін деген пікірде.
“Қоқыс тастайтын жерлер болса. Былай бәрі жақсы. Бұл дала, далаға асфальт салмайды ғой. Дала жолы осындай болады, табиғаттың байлығы өзі осы”, –дейді саяхатшы Жанқанат Ырзықбай.
Табиғи аумақтың инспекторлары ерекше жерді сақтау үшін, Бозжыра аумағына кіруді көктемнен бастап ақылы етіп қойған. Бұл жабайы туризммен күресудің алғашқы қадамы. Жиналған ақшаға қоқыс жәшігін орнатып, шлагбаум қою үшін тиісті органдарға хат жіберіп қойған.