02-04-18 |
8570 рет қаралған
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ел сенімінен шыға алмай отыр.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ел сенімінен шыға алмай отыр

Осыдан бір жыл бұрын төрт облыстың әкімі ауысып, аймақтарға Астанадағы аппаратта жүріп ысылған төрт жігіт сау ете қалған болатын. Сол жолы Маңғыстау облысына әкім болып Ералы Тоғжанов, Қарағанды облысына Ерлан Қошанов, Солтүстік Қазақстан облысына Құмар Ақсақалов, Ақмола облысына Мәлік Мұрзалин тағайындалған еді.

Әзірге бірден бірнеше облыстың басшысы ауысқаны сияқты ірі кадрлық өзгерістердің соңы осы болып тұр. Одан беріде бірлі-жарым аймақтардың басшылары қызметінен кеткенімен, дәл сондай жаппай жаңа тағайындаулар орын алмады. Жасыратыны жоқ, президент ақордада ірі жиналыстар өткізген сайын «осы жолы үлкен өзгерістер болады, тіпті, үкімет түгелдей жаңарады» деген әңгімелердің желдей ескені рас. Бірақ, жеме-жемге келгенде баяғы команданың бір-екі адамы ғана жаңарғаны болмаса, пәлендей ауыс-түйіс бола қойған жоқ. Қалай айтсақ та президенттің соңғы кездері кадрлық өзгерістерді тым сирек жасап жүргені жасырын емес.

Сонымен былтыр ел-жұрт наурыз мерекесін тойлауға тоғыз күн бұрын кірісіп, амал күніне ниет еткен кезде төбеден түскен төрт әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, ұлыстың ұлы күні қарсаңында іске кіріскен жаңа басшылардың бұл тағайындалуын жақсылыққа жорыған-ды. Содан бері де бір жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл әрине, кез-келген әкімнің өз іскерлігін танытып, жұмысты игеруіне, өз мүмкіндігін кеңінен көрсетуіне молынан жететін уақыт қой. Ендеше осы бір жылда төрт әкімнің шыққан төбесі қайсы? Әрине, жұмыс жүріп жатыр, ел аман, жұрт тыныш. Дегенменде ең үлкен сыншы – қарапайым халық емес пе? Жергілікті жұрт бұл әкімдер туралы не деп жатыр? Біз бұл жолы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов туралы әңгіме қозғамақпыз.

Маңғыстауға барған Ералы Тоғжанов маң-маң басып, ә дегеннен-ақ ауыл-аймақты аралап, ел-жұртпен танысып, жұмысына белсене кіріскен-ді. Бірақ, аптығы тез басылғандай… Қазір әлеуметтік желілерде Тоғжановты жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Әрине, әкімнің «адресіне» айтылған сынның бәрін ақиқат дей алмаймыз, дегенменде ішінде көңілге қонатыны бар екенін де жасыруға болмас.

Мысалыға, Уайс Ерсайынұлы деген азамат Facebook парақшасында облыс әкімі Ералы Тоғжанов мырзаға жергілікті электорат негатив бағасын бере бастағанын жазады. «Мұның өзі облыс әкімінің президент қойған міндеттерді дұрыс жүзеге асыра алмай, ел сенімінен шығағанын көрсетеді. Ел сенімінен шықпаған адам елбасы сенімінен шыға ала ма? Алғашқылардың бірі болып,  өлке жанашыры Нұркамал Аязбаев өз жазбасында жаңа тағайындалған облыс әкімінің келе сала ел аралап кетуінен күдіктеніп, соңы сұйылып кетуі мүмкін екендігін болжаған еді. …Нұркамалдың «жаңа сайланған басшылар команда жасақтауды қашан тоқтатады?» деген сұрағына күні бүгінге дейін нақты жауап берілген жоқ» дейді ол.

Алмас Алтай деген тағы бір азамат былай деп ашынады:

— Былтыр бұрынғы әкім Алик Айдарбаевтың орнына Ерәлі Тоғжанов кеп отырды. Естіген кезде қуандық. Шыны керек, жаңа әкімнің ауыз ләмінен дәметтік. Қазақшаны судай сапырады екен… Мен шетелде жүргем, елге төрт айдан кейін бір-ақ оралдым. Жаңа әкіммен жүздесудің сәті жазда түсті. Оған дейін пресса қалыптастырған бейнесі бар, жылыұшырады. Емен-жарқын сұxбат құрыстық, шыны керек, дәметтік кәдімгідей. Кездесу кезінде бірден Маңғыстауда қасқалдақтың қанындай қат боп кеткен газдың мәселесін сұрадым:

«Газ — xалықтың мәселесі емес, біздің, биліктің мәселесі, шешеміз» деді. Мәәәә, мен расымен қатты сендім. «Дәмең дамбалдай екен» дейтін біреу болмапты ғой сол кезде… Сөйтсем, әкім Тоғжановтың «әні» осылай келеді екен ғой: жергілікті жұрт «сылдыр сөздің құдайы» деп әлден-ақ күдер үзіп қойыпты. Былтырғы амалдан биылғы амалға дейін не істеді ЕралыТоғжанов? Маңғыстаудың тумасы болғанмен, облыста тұрмайтын адаммын ғой, содан болар: мен бір жылда «мына мәселені әкім шешіп тастады» дегенді естімеппін, көрмеппін. Тоғжановқа дейінгі Айдарбаев Аликтің алдында Бауыржан Мұxамеджанов деген әкім болған Маңғыстауда. Отырғаны бір-ақ жыл! Бір жылдың ішінде Каспийдің, теңіздің жағалауын адам танымастай етті-ей, сабазың! Әне, бір жылдың ішінде не бітіруге болатынына дәлел. Ақтаулық «Каспий» футбол клубы былтырғы маусымды өзінде стадион жоқтығы себепті, жаттығуды Шымкентте өткізіп жүрді. Күлесің бе, жылайсың ба? Мұнайлы Маңғыстауда стадион жөндеуге қаржы жоқ екен, күйдім-ау… Былтыр стадионға барып тұрып «уәде» беріпті:

— Жиырма күннің ішінде жаңа көгал төсетем, ешқайда қаңғымайсыңдар, үйдегі ойындарды осында ойнайсыңдар, — деп.

Жиырма күндік мерзімнің ЖИЫРМАСЫ өтті, көгал жоқ. Жарайды, бір маусым ғой деген соң былтыр үндемедік, енді биыл да стадион жоқ дейді. Не бейбастық мынау???

Шынында соңғы кездері Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов туралы әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Әлеуметтік желіде бұл әкім туралы «біртүрлі» әңгіме жарқ ете қалғаннан кейін пікір жазушылардың көбісі оны өткір сынның астына алды. Соның ішінде әкімнің кадр мәселесі тым ащы айтылды. Өзіміз де бұл туралы біраз азаматтармен де сөйлескен едік.

Ақтаулық азаматтардың айтуына қарағанда Ералы Тоғжанов әкім болғалы бері сырттан 50-ге жуық кадр әкелген. Оның 15 шақтысы ірі қызметтерді иеленген. Облыс әкімінің 3 орынбасары сырттан келді. Осынау 50 адамға бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан ақтаулықтар қызметкерлер ығысып орын берді. Осыншама адамға мемлекет есебінен пәтер жалданып жатыр. «Мұның бәрі шығын емес пе? Әрине, әкелген кадрлары шынында жергілікті жұртты таңқалдыратындай іскер болса, бірсәрі… Тек екі-үшеуі ғана болмаса басқасының елге үлгі болатындай алғырлығын көрмедік. Әйтеуір, әкімнің айтқанына бас шұлғып, қасына еріп жүруден басқа бітірген түктері жоқ…» дейді олар.

Әрине, Ералы Тоғжанов бұл дауды енді естіп, енді біліп тұрған жоқ. Әкімге бұған дейін де бұл сұрақ қойылған болатын. Маңғыстау облысының әкімі «жергілікті кадрмен жұмыс істемейді, билікке өз командасын ерте келді» дегендерге биылғы халыққа есеп беру кездесуінде жауап берді.

«Мен Оралдан келгенде бір ғана Әсел деген қызды алып келдім. Әселдің өзі Маңғыстаудың тумасы. Оралда қызмет етіп жүр екен. Мен Оралдан қыздарыңызды өздеріңізге алып келдім. Өздеріңіздің уыздай қыздарыңыз бұрын көбісі атқара алмаған жұмыстарды 3 жұманың ішінде тындырды. Тоғжанов отырып алып ойына келгенді істей бермейді. Барлығы президент аппаратындағылармен келісе отырып шешіледі. Мемлекеттік қызмет жершілдік, рушылдық мәселесімен тағайындалмайды. Қайта мен маман таппай жүрмін. Мемлекеттік қызметте 409 орын бос тұр. Оның 38-і басшылық қызмет» деген еді сол жолы Ералы Тоғжанов.

Ия, ақталуға келгенде әкімдер өте шебер ғой. Әйтеуір, өз әрекеттерінің жымын білдірмей жібереді. Бұл жағынан келгенде Ералы Тоғжанов та нағыз «бесаспап» көрінеді. Әйтсе де «Халық айтса, қалт айтпайды» деген, жұрттың айтқанында бір шындық бар екені анық. Біреу-екеу емес, бақандай елу кадрды не үшін сырттан әкелгенін айтып, өз-өзін ақтап алуы мүмкін бе? Тоғжановтың көңілі жергілікті кадрларға не үшін толмайды? Қалай айтсақ та, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың ел ішіндегі сүйкімі жоғалып бара жатқандай…

Оралхан ДӘУІТ

Дереккөз: zhasalash.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.