Маңғыстауда ауыл тұрғындары жұмыс тауып беруді талап етіп, жолды жауып тастады.
Желіде тараған жолды жауып тұрған ауыл халқының әрекетін жергілікті әкімдік былай түсіндірді.
«29 маусым күні сағат 18.20-да Жетібай мен Мұнайшының 30-ға жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай секторына жұмысқа орналастыруды талап етіп, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кен орнына баратын жолды жауып тастады», – деп хабарлайды Маңғыстау облысының әкімдігі.
Қарақия ауданы әкімдігінің өкілдері жиналғандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Оларға жұмысқа орналастыру жалпы кезек бойынша жүргізілетіні хабарланды. Кезектен тыс жұмысқа орналастыру басқа үміткерлерге жасалған әділетсіздік болады”, – делінген хабарламада.
Әкімдік ауданда жыл басынан бері 366 жұмыс орны ашылғанын, бұл мақсатқа 2022 жылы өңірлік жоба аясында 180 миллион теңге бөлінгенін баса айтты.