Қостанай қалалық әкімдігінде облыс орталығындағы Гагарин көшесін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, Гвардейская көшесін Юрий Гагарин деп атау жөнінде қоғамдық тыңдалым өтті. Тұңғыш ғарышкер атындағы көшені Елбасы есімімен атау туралы ұсыныс «СарыарқаАвтоПром» зауыты мен Қостанай автокөлік колледжі ұжымдарынан келіп түсіпті. Бұл турал «Қостанай таңы» басылымы жазады.
«…Біздің кәсіпорын дәл осы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған көшенің бойында тұр. Сол себепті, Гагарин көшесін Ұлт Көшбасшысының есімімен атау қисынға да келетін өте құптарлық бастама», -дейді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өкілі Сергей Могилатов.
Басылымның жазуына қарағанда жиында Гагарин көшесіне тұңғыш президенттің атын беру мәселесі аса дау тудырмаған сыңайлы. Шарада сөз сөйлегендердің басым көпшілігі мен дауыс берген депутаттардың барлығы Гагарин көшесінің Назарбаев даңғылы, ал Гвардейский көшесінің Гагарин болып аталуын қолдапты. Енді бұл мәселе республикалық ономастикалық комиссияда қараталатын болады екен.
Бұған дейін Қостанай қалалық мәслихаты Абай даңғылына Назарбаев атын беру туралы ұсыныс тастаған, алайда ол ұсыныс қанағаттандырылмаған.
Еске салсақ, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін президенттікке сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісе сала астананың атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, елдегі облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керектігін мәлімдеген. Тоқаевтің бастамасы дереу іске асып, Қазақстанның көптеген ірі қалаларындағы негізгі көшелер мен даңғылдарға Назарбаевтің аты берілді.