Петропавлдағы Ярослав Гашек көшесінің тұрғындары көптен күткен жол жөндеуі 2024 жылы жасалғанына қуанды. Бұл көше Есіл өзенінің жағалауына дейін созылып жатыр, бір жағында – жеке үйлер, екінші жағында – Жеңіс паркі мен «Солнечный» профилакторийі орналасқан. Мұнда балалар мен қарттар денсаулықтарын түзейді, спортпен айналысады.
Алайда тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Келесі күні-ақ жолға ауыр техника – крандар, катоктар, құрылыс материалдары тиелген жүк көліктері жүре бастады. Асфальтты сақтау үшін бетон блоктар қойылғанымен, оларды ысырып тастап, техника ағылып кетті. Бұл көліктер өзен жағасындағы жаңа үйлердің құрылыс алаңына барады, деп жазды Ratel.kz.
– Үйде діріл пайда болды, тіпті қабырғалар жарыла бастады, – дейді профилакторийге қарсы орналасқан коттедж иесі.
Асқар Зарып атты тұрғын жаңа асфальттың бұзылғанын көрсетіп, өзенге барар жолдың көлікке толып кеткенін айтады. Жағалау қоқысқа толы, тасталған бұтақтардан батпақ пайда болған. Ескі мұнараға маскүнемдер мен нашақорлар кіріп жүр. Құрылыс алаңынан шыққан жүк көліктері асфальтқа балшық тасып, өту мүмкін болмай қалған. Тіпті жылу трассалары да зақымданып жатыр.
Тұрғындар құрылыс техникасының бағытын өзгертуді және жағалауды ретке келтіруді сұрайды. Алайда әкімдікке, түрлі бөлімдерге, полиция мен инспекцияларға хабарласқандарымен нәтиже жоқ. Барлық инстанциялар бір-біріне сілтеп, мәселе шешілмей тұр. Қала әкіміне де жолдау жасаған, бірақ әзірге ешкім келмеген.
Фото: © Ratel.kz / Елена Чернышова.