Соңғы кездері елдегі жылу қазандықтары қызу бермесе де, мәселесі қызу талқыланатын болды. Тіпті Үкімет басшысының өзі бұл мәселеде белсенділік танытып, сес көрсете сөйледі.
«Ауруын жарсырған өледі» дегенді жақсы біле ме, әлде «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегеннің кері ме, әйтеуір Үкімет отырысында салаға жауапты министр Алмасадам Сәтқалиев елдегі 6 өңірдің жылу жүесі мәз емес екенін бірден мойындады.
Кейбір меншік иелерінің жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражаты жоқ. Мәселен, Риддерде әкімдік, Өскемен жылу желілері және жылу электр орталығы өзара келісіп, іске кірісті. Жалпы қазір барлық 6 қазандықты жөндеу жұмыстары жүріп жатыр – деді министр.
«Ескі жамағанның есі кетеді» дегендей елімізде 37 жылу электр орталығының 66 пайыздан астамы аянышты жағдайда.
Ал олардың 22-сі жекеменшік, 10-ы мемлекет иелігінде, 5-уі квазимемлекеттік сектор үлесінде. ТЭЦ-тердің кейбірі 61 жыл бұрын салынған. 28 орталық – 50 жылдан бері істеп тұр. 9 – ТЭЦ жыл бұрын ашылған.
Сәтқалиев сәтін салса, ескірген ТЭЦ-ті сүріп тастап, жаңадан салмаса, жылудың жағдайы жақсара қоймайтынын айтты. Ал Әлихан Смайылов болса, жылу мәселесін шешпеген өңір басшылары күзде «жылы орындарын босатуы мүмкін екенін» меңзеді.
Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай» жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады – деп Үкімет басшысы сес көрсеткендей болды.
«Үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» демекші, Смайыловтың кеңседе отырып кеңірдек созғанына жекеге өтіп, алпауыттардың алақанына түсіп кеткен Жылу электр стансалар былқ ете қояр ма екен?!
7-8 жыл бұрын бұрынғы олигополия заң жүзінде бақылаушы, құзырлы органдардың бүкіл құзіретін алып қойған екен. Бүгінгі таңда бақылаушы құзіретті органдар келіп кемшілікті көріп тұрған күннің өзінде олар ТЭЦ-тің иелеріне ешқандай әкімшілік, басқа да жазаларды қолдана алмайды. Ол үшін заңдарды өзгерту керек. Қазір мәжілісте жылу энергетикасы туралы заң қаралып жатыр, осы құрылтайшылардың жауапкершілігін, жалпы жылу энергетикасы саласындағы менеджементтің жауапкершілігін арттыру шаралары күзде қабылданады – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.
Ал министрлік өкілдері елдегі ТЭЦ-тер жөндеуден өтіп жатыр деп уәдені үйіп-төгіп берді. Ал дәл қазіргі жағдайда Риддер, Текелі, Семей, Шахтинск, Павлодардағы ТЭЦ апатты жағдайда.
Arasha.kz
ФОТО: mosenergo.gazprom.ru