arasha.kz

Семейде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр

Облыс орталығы мәртебесіне ие болғалы бері Семейді сұр, әрі қызықсыз қала деп атау қиын. Мұнда жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып қана қоймай, көпқабатты үйлердің қасбеттері ретке келтіріп, жерасты өткелдері жөнделіп, қызықты тақырыптық муралдар көбейіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың сәуір айында көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырды.
Абай облысының әкімшілік орталығының көшелері жаңа түстермен жарқырауы үшін өткен жылдан бастап Семейде қасбеттерді кеңінен жөндеу басталды. Осы жылы 36 көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғаларын жаңарту жоспарланған. Қаланың тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Диана Шаяхметованың айтуынша, қала орталығындағы үйлер, сондай-ақ оң жағалауда да, сол жағалауда да магистральдардан алыс орналасқан үйлерді сырлау жұмыстары жасалмақ.

Жұмыс қасбеттерді жөндеу, тегістеуді, содан кейін қасбетті бояуды қамтиды. Тұрғын үй қатынастары туралы Заңға сәйкес біз қалаға сәулеттік көрініс беретін үйлерді ғана қамти аламыз,- деп атап өтті Диана Шаяхметова.

Қасбеттерді жаңарту кестеге сәйкес 15 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Егер мердігерлердің жұмысы ескертулер тудырса, олар кепілдік міндеттемелер шеңберінде оларды жоюға міндетті.

Сонымен қатар, Қ.Мұхамедханов көшесіндегі жерасты және жер үсті өткелдерін жөндеу жоспарланған. Жерасты өткеліндегі жөндеуден басқа, белгілі музыкант Батырхан Шүкеновті еске алу туралы шешім қабылданды. Қазір мұнда бірнеше қабырғаға суреттер салынып, оның композициялары шырқалады.

Қазір жұмыс басталды. Техникалық ерекшелікке сәйкес, жерасты өткелінде ішінара муралдарды бейнелеу, музыкалық сүйемелдеуді ұйымдастыру және жарықтарды ауыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар, жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінде лифт пен шатырдың поликарбонат жабыны ауыстырылады,- деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ерік Шағанов.

Сондай-ақ, вандализмге және қоғамдық тәртіпті бұзуға қарсы бейнебақылау камералары орнатылады.

Семей қаласының орталық көшелерін көгалдандыруға және абаттандыруға арналған тағы бір жоба – Мәңгілік ел көшесіндегі қоғамдық кеңістікті абаттандыру, Арбаттың жалғасын ұйымдастыру көзделген. Барлық жұмыстардың аяқталуы мамыр айының соңына жоспарланған.

Exit mobile version