Біз
әлеуметтік
желіде
21-06-25 |
110 рет қаралған
Семейде 500 кәсіпкер қатысқан ірі инвестициялық форум өтті.
Семейде 500 кәсіпкер қатысқан ірі инвестициялық форум өтті

Семейде «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы өтті. Ауқымды шараға Қазақстан Республикасы Парламенті және Сенат депутаттары, шетелдік және отандық инвесторлар, Абай облысынан шыққан ірі кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Маңызды жиынға 500-ге жуық кәсіпкер жиналды.

Форумның ашылу салтанатында Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.

“Бүгін Абай елінің дамуына арналған маңызды қадам — «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумына жиналып отырмыз. Бұл форум – өзара ой бөлісетін, пікір алмасатын, ең бастысы, болашаққа бірге қадам басуға мүмкіндік беретін алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деп атап өткен қасиетті Семей төріне келіп отырсыздар. Абай облысы – жаңадан құрылғанымен, әлеуеті жоғары аймақ. Табиғи ресурстарымыз, еңбекқор халқы, өндірістік инфрақұрылымы мен географиялық орналасуы – тұрақты дамуға негіз бола алады. Алайда, осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлардың белсенділігі ауадай қажет», — деді аймақ басшысы.

Қолайлы географиялық орналасуының арқасында Абай облысы Қытай, Ресей және Орталық Азияны байланыстырады. Бұл тұрғыдан, ірі халықаралық сауда дәліздеріне шығатын көлік-логистикалық хабты дамытуға үлкен мүмкіндік бар.

Алдағы жылдары өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – Аягөз–Бақты теміржолы мен құрғақ порттың құрылысы.
Қазіргі таңда облыста 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға бағытталған, жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 38 перспективалы инвестициялық жобадан тұратын бірыңғай пул қалыптасты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша нақты сектордағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 575,3 млрд теңге болды.

Ал тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткіші – 775,3 млн АҚШ доллары. Былтыр 14,4 млрд теңгеге 8 жоба іске асырылып, 330 жұмыс орны құрылды. 2025 жылы 31,1 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асырып, 767 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде 1 млрд теңгеге 1 жоба іске қосылды.
Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдарын кеңейтіп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион қағаз бен картон бұйымдары өндірісін іске қосады.

Облыс әкімі осы уақытқа дейін 50-ден астам шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Сонымен қатар, өткен айда Абай облысы делегациясы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарымен барып, «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференциясына қатысты. Сапар аясында аймақ басшысы 20 кездесу өткізіп, жалпы сомасы – 1,5 млрд АҚШ долларынан асатын 15 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Қазіргі уақытта облыста инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 50-ден астам шетелдік инвестормен кездесу өткіздім. Өткен айда Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына барып, 1,5 млрд АҚШ долларынан асатын 15 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.

Бүгінгі форумға бірнеше облыстың өкілдері де келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен хәкім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әрбір өңірі облысымызға бір-бір нысаннан салып бермек.
Қазір Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстары және Шымкент пен Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап та кетті. Қалған өңірлер де бұл бастаманы қолдайтындарын білдіруде. Жиында облыс әкімдеріне өңір тұрғындары атынан алғысымды айттым.

Бүгінгі кездесу туған жердің болашағын жарқын етуге бағытталған ортақ қадамымыздың бастамасы болады деп сенемін.

«Туған жерге туыңды тік» — қасиетті халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы ұстанымы. Бабадан қалған осы өсиет – қазір өзекті, ертеңіміз үшін бағдаршам болмақ», — деді Берік Уәли.

Осы сапардың нәтижесінде Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында «SUTO KAZAKHSTAN» кәсіпорны қытай компаниясымен бірлесіп, жалпы сомасы 50 млн АҚШ долл. құрайтын чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін зауыттың құрылысы бастады.
Қазірге кезде Семейдегі жер көлемі 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында төрт жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан өндірістік алаңдарға деген қажеттілік жоғары.

Сондықтан индустриялық аймақтың аумағын 600 гектарға дейін кеңейту жұмысы қолға алынады.
“Туға жерге туыңды тік” инвестициялық форум қорытындысында 14 өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылады.

Олар:
-Абай облысы білім басқармасы мен Астана қаласының құрылыс басқармасы – «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім беру нысанын салу.

-Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мен «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС» – тазартылған май өндіретін зауыт салу.

-Абай облысының құрылыс басқармасы мен Шығыс Қазақстан облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы – Семей қаласының оң жақ жағалауы құрылыс жобаларын іске асыру.

-Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ақтөбе облысының әкімдігі — Жекпе-жек сарайының құрылысы.

-Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Түркістан облысының әкімдігі – Көрме орталығының құрылысын салу.

-Семей қаласының әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС – жаңа стадион құрылысы.

-«Семей» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС» — бұршақ және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеу және пиллинг бойынша зауыт салу жобасы.

-Семей қаласының әкімдігі мен «Эйкос» ЖШС – қаланың аула кеңістіктерін абаттандыру.

-Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «DKPROEKT» құрылыс компаниясы – «Semey Smart City» ауданы бойынша жаңа жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу.

-Абай облысының туризм басқармасы мен «Бірлік-Павлодар» ЖШС — жол бойындағы сервистік нысандардың құрылысы.

-Жаңасемей ауданының әкімдігі мен ЧК MIRYILDIZ KZ Ltd. –Жаңасемей ауданында жаңа мектеп құрылысын салу.

-Үржар ауданының әкімдігі мен «Q4 Тұлпар» компаниясы –балабақша салу.

-Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары мен «VIRA GROUP» ЖШС – сауда үйі жобасын жүзеге асыру.

-Курчатов қаласының әкімдігі мен «Samal Commodities» ЖШС –көмірді терең өңдеу арқылы аммиак пен карбамид өндіретін зауыт салу.

-Семей қаласының әкімдігі мен «Белес» компаниясы – бокс орталығының құрылысы.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.