Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы әлеуметтік желілерге тарап кеткен «прокурорлардың» видеосына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Әуелі Telegram-дағы Kozachkov offside каналында жарияланған материал қазір интернет желісін шарлап кетті. Онда ер адамның билеп жүргені байқалады. Ол телефонын бұрып жанындағы бикешін де көрсетті. Telegram пайдаланушылары бұған байланысты әртүрлі пікір білдірді.
«Онда тұрған не бар? Бұл прокурордың жеке өмірі. Оның да демалуға хақысы бар. Карантин уақытында түсірілмеген болар. Түнгі клубта демалып жүргендері көрініп тұр. Ал, түнгі клубтардың карантин кезінде жабық болғаны белгілі», – дейді желідегі оқырмандардың бірі.
«Жарайсыңдар прокурорлар, жұмыс істеуді де, демалуды да білесіңдер! Тек бір сұрақ бар! Бұл карантин кезінде түсірілді ме?», – деді желідегі келесі жазбаның авторы.
Материалды жариялаған автордың айтуынша, видеода Өскемен қаласының прокуроры болған. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының өкілдері бұл видео туралы білетіндерін және қазіргі уақытта тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.