Ертіс өзенінің су деңейі көтеріліп келеді. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомство мәліметінше, Ертіс өзенінің бетінде мұздық тұтасып қату процесі байқалады. Ал ауа райының жылы болуына байланысты Семей қаласының маңында сең тұрып, өзендегі су деңгейі көтеріліп келеді. Су деңгейі бұдан ары көтеріле беретін болса Восточный, Мирный және Полковник аралы елді мекендері аумағындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі бар.
«Халықты қорғау шараларын жедел қабылдау мақсатында Семей қалалық ТЖБ «ІІМ ТЖК Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің өкілдерімен бірге өзен жағалауына тұрақты мониторинг жүргіп, тәулік бойы бақылау бекеттерін орнатты. Семей қалалық полция басқармасының жеке құрамы аудандарды шолғындап жүр. Бұған қоса, қызметкерлер халыққа су басу қаупі бар екендігі туралы ескертіп, су тасыған жағдайдағы бастапқы әрекеттер жайында нұсқаулық жүргізуде. Азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының іс-әрекетін үйлестіру үшін ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды», – деп атап өтеді комитеттен.
Бұған дейін Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің Ертіс өзенінде су деңгейі көтерілуіне байланысты түсінік бергенін хабарлаған едік.