Шығыс Қазақстан облысының мұрағаттарынан қуғын-сүргіннің құрбаны болған 2 847 адамның ісі табылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия есеп берді, деп хабарлайды informburo.kz.
«Ғалымдар мен тарихшылар, жоғары оқу орындарының ұстаздары үлкен әрі маңызды іс атқарды. Солардың арқасында мұрағаттардан әлі бітпеген 2847 адамның ісі табылды. Осы істердің 2 666-сы оңалту шараларымен қамтылуы тиіс. Комиссия өз кезегінде барлық қажет құжатты әзірлеп қойды. Мұнымен қатар, өз туысының тағдыры туралы білгісі келетін азаматтардың өтінішімен арнайы портал аштық. Мамандар әр өтінішті жіті қарап шығатын болады. Қазірдің өзінде 494 іс мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілгелі тұр», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Өңір басшысы осы сәтте 494 істің мемлекеттік комиссия қарауына жіберілгелі тұрғанын мәлімдеді. Мұнымен қатар, комиссия күштеп жер аударылған 203 адамның ісін толық қарап шықты.
«Мамандар Ұлы Отан соғысы кезінде концлагерьде болған Шығыс Қазақстан тұтқындарының ісін де қарап жатыр. Алдағы уақытта осы жұмыстарға ерікті, магистрант және студенттерді тартуымыз қажет. Біз өз кезегімізде оларды қажетті жабдықпен қамтамасыз ететін боламыз», – деді Ахметов.