Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың қызметін сынап, президентке ұжымдық хат жазған семейлік мәслихат депутаттарының басы дауға қалды. Халық қалаулылары өздерінің шағымында облыс басшысының жұмысын тексеру үшін арнайы комиссия құрылуды талап еткен. Бірақ бір топ белсендінің бұл шағымына әріптестері қарсы. Енді Ахметовты сынағандар мандатынан да айырылуы мүмкін.
Шығыс өңірін 2014 жылдан бері басқарып келе жатқан Даниал Ахметовтың басына қара бұлт үйірілді. Бұл жолы облыс әкіміне Семейлік белсенділер қарсы шықты. Бұл туралы «Еуразия бірінші» арнасы хабарлайды.
Даудың басы тек қағаз жүзіндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін полигон құрылысынан басталған. Оған облыстық әкімдіктің есептеуінше 6,8 млрд теңге қажет екен. Ал қажетті соманың 3,8 миллиарды Еуропалық қайта құру және даму банкінен несиеге алынбақ.
«Бұл жобада шикіліктер өте көп. Біріншіден, ол қоқыс шығаратын компаниялардың полигонға қалдықтарды төгу үшін төлем тарифтерінің бағасын көтеруді көздейді. Осылайша біз, аталған секторды дамытамыз деп шағын кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіреміз. Бұл тұрғындардың қалтасына ауыр тиеді. Тариф қымбаттайды», – деді «Келешек» кәсіпорынының бұрынғы жетекшісі Мақсұт Нығметов.
Бұл дау 10 күн бұрын да туындаған. Ол кезде семейліктер бір сәтте қоғамдық көліксіз қалған болатын. Себебі, 2018 жылы ғана жергілікті әкімдіктің қолдауымен ашылған автопаркпен билік бір күннің ішінде келісімшартты үзіп, оның орнына басқа мекемемен шарт жасасқан. Ал жолаушыларға қызмет көрсетуге бекітілген автопарк Қазақстанның даму банкінен лизингке 170 жаңа автобус сатып алған екен. Екі ортада мыңға жуық жүргізуші жұмыссыз қалған. Демек, айналдырған 3 жылда қала автобустары екінші рет жаңарып отыр.
«Мына облыс әкімі не істеп отыр мен соны түсінбеймін. Қасақана әдейі істеп отыр ма? Халықты ойламай ма? Жарайды, біз жүрмедік. Қыста қатып қалдық. Енді ескілері шықса бізден жақсы жүре ме? Енді не керек? Анау ескілерді шығарып үкіметтен тағы ақша алу керек болды. Мақсаты сол», – деді автобус жүргізушісі Дәулетқызы Мұхамедов.
Одан бөлек, тұрғындардың қаладағы жол сапасына да көңілдері толмайды. Шұрық тесік көшелерден Семейде күніне жүздеген көлік бұзылады екен.
«Жылына салық төлейміз. Жолдың сиқы мынау. Восточный мен Таймастың мына Семейге баратын жолдың бәрі шұңқыр-шұңқыр . Дулатова көшесі жаман сосын. Соны бір жөндесе»;
«Әй көңіл толмайды. Жол онша емес. Жылда жөндеп тұрушы еді. Биыл қолға алмай жатыр. Бірақ дегенмен істейді деген үміт бар. Міне, такси етеміз арасында бірақ енді сол ақшаның шамамен 80%-ы машинаны жөндеумен кетеді», – деді тұрғындар.
Ал, жылдың басында ғана Семейдің әкімі лауазымына тағайындалған Нұрымбет Сақтағанов қаладағы жолдардың 78%-нің сапасы жақсы екенін мәлімдеп, айды аспанға бірақ шығарды. Сол үшін жұрттың сынына қалды. Бірақ соған қарамастан биыл жыл соңына дейін шаһардағы біраз көшелер де жөндеуден өтетінін айтты.
«Бүгінгі күні біздің қаламыздағы жалпы жолдардың ұзындығы 756 км. Оның 291 км бұл асфальтты бетонды жабындысы бар. Бүгінгі күні биылғы бюджетте 451 млн теңге қаралып отыр. Онда біз 9 көшені орташа жөндейміз. Қосымша облыстан бүгінгі күні 1 млрд 100 млн теңге сұрап отырмыз орташа жөндеуге», – деді қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Ал шетелдік қаржылық ұйымдардан неге осынша ірі сома несиеге алынғалы жатқаны белгісіз. Бір анығы, Даниал Ахметовтың қызметіне наразы белсенділер шағымын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне жолдады.
-
09.12.2024
-
09.12.2024
-
09.12.2024
-
09.12.2024
-
09.12.2024
-
09.12.2024
-
09.12.2024
-
09.12.2024
-
09.12.2024