Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Күршім аудандарында «Қытайға жер сатылды» делініп әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ел ішіне тараған алып-қашпа сөздерге орай облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы мәлімдеме жасады, деп жазады жергілікті altaynews.kz сайты.
«Мен әкім ретінде ресми түрде осы аудандарда бір метр жер де қытайлықтарға берілмегенін мәлімдеймін. Сіздер білесіздер, 2016 жылдың 6 мамырынан бері Қазақстанның тұңғыш президентінің жарлығымен шетелдіктерге және шетелдік үлесі бар заңды тұлғаларға жер сатуға мораторий жарияланған. Сондықтан мемлекеттік мекемелердегі барлық жұмыстар заң бойынша жүзеге асырылады және оның барлығы қоғам өкілдері мен ақпарат құралдары үшін жариялы, ашық», – депті Ахметов.
Сондай-ақ, Даниал Ахметов шетелдіктерге және шетелдік үлесі бар заңды тұлғаларға жер сатуға мораторий жарияланбай тұрып, 2015 жылы 20 қазанда Бесқарағай ауданында байқау нәтижесі бойынша бір шетелдік компания 14 890 гектар жерді 10 жылға уақытша жалға алғанын да айтыпты. Бүгінде ол жер ауылшаруашылық мақсатқа пайдаланылып жатқан көрінеді.
Ал, экс-депутат Мұрат Әбенов фейсбук парақшасында Даниал Ахметовтың жоғарыда айтқан «шетелдік компанияға он жылға 14 890 гектар берілген» деген сөзін негізге алып, прокуратураны тексеріс жасауға шақырған.