arasha.kz

Шығыс Қазақстандағы Ленин ескерткішін жөндеуге 1,5 млн теңге бөлінбек

Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық мәслихаты Алтай қаласының орталығындағы Ленин ескерткішін жөндеу үшін бюджеттен 1 миллион 449 мың теңге бөлуді мақұлдады. Бұл жөнінде жергілікті басылымдарға сілтеме жасап, Азаттық жазды.

YK-news.kz сайтының жазуына қарағанда, 1962 жылы тұрғызылған ескерткіштің қызыл гранит тұғыры жөнделеді, әзірге жөндейтін мердігер анықталмаған.

– Владимир Ильичтің қоладан құйылған бұл мүсіні – Шығыс Қазақстан облысындағы совет көсемінің құрметіне арналған жалғыз ескерткіш. Әлі күнге аудан орталығындағы алаңның сәнін келтіріп тұр, халық бұл тарихи орынға құрметпен қарайды, – деп жазады басылым.

Алтай аудандық мәслихатының төрайымы Лариса Гречушникованың Азаттық тілшісіне айтуынша, ескерткіш жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде тұр.

– Сондықтан оған қалай болса солай қарауға болмайды. Саяси немесе басқа да астары жоқ. Ескерткіш «Қазмырыш» кәсіпорнына жақын көпшілік жүретін жерде тұр. Оны апат жағдайында қалдыруға болмайды, – деді ол.

Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова «Ленин ескерткіші тарихи ескерткіштер тізімінде тұр» деген уәж айтты.

– Иә, Ленин ескерткіші тұр. Осыдан үш жыл бұрын біз аудан мен қала атын Алтай деп (Алтай ауданы мен орталығы 2019 жылға дейін Зырян деп аталған – ред.) өзгерттік, 50 көшенің атын ауыстырдық, – деді әкімнің орынбасары.

Жергілікті тұрғындар арасында Алтай қаласындағы Ленин ескерткішін алып тастау мәселесі де көтеріледі. 2018 жылы ескерткіш орнына субұрқақ салу туралы ұсыныс айтылған.

Exit mobile version