07-06-23 |
2280 рет қаралған
Су мәселесін шешуге Смайыловтың шамасы жетпейді.
Су мәселесін шешуге Смайыловтың шамасы жетпейді

Кеше Үкімет отырысы елдегі су мәселесін шешуге арналған болатын.Бірақ онда елдегі су тапшылығы туралы емес, шомылу маусымында орын алатын оқыс оқиғаның, яғни суға кету қаупінің алдын алу жайлы әңгіме болған еді.

Алайда «адамның айтқаны болмайды, Құдайдың дегені болады» дегендей, Смайыловтың айтқаны орындалмай, жергілікті әкімдіктегілердің дегені болып жатқан сыңайлы. Олай деуімізге осы аптада еліміздің бірнеше өңірінде уақытша ауызсудың болмайтыны туралы хабарламалардың тарауы себеп болып отыр.

Су ресурстарын өзара келісіп, ұтымды пайдалану біз үшін өте маңызды. Суды үнемдеп жұмсауға және жер суаруға қатысты тиімді цифрлық тәсілдерді қолданысқа енгізудің орны бөлек, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде.

Ал Қазгидромет осы апта ел бойынша аптап болатынын, Республиканың барлық өңірінде күн райы 40 градустан асатынын хабарлаған еді. Қырық күн шілде басталмай жатып қаталаған халық, енді су іздеп сандалып кетуге мәжбүр.

«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демекші, ел жүрегі, барлық дүниесі сақадай сай тұруы керек дейтін Астананың өзінде су мәселесі ай соңына дейін шешілмейді. Бұл біздің болжам емес, өткен түнде ғана қала басшысы Жеңіс Қасымбек өз аузымен айтқан дерек.

Осыдан 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастаған. Бірінші нысан – қазір өздеріңіз көріп отырғандай, мынау сорғы станциясы. Бұл нысанның құрылысы осы айдың соңына дейін толығымен бітеді және қалаға қажетті күніне 25 мың кубометр су берілетін болады. Екінші нысан – су құбыры, яғни Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры. Бұл нысан да аяқталып қалды. Келесі аптада толығымен құрылыс жұмысы бітеді және қалаға қажетті су қысымы берілетін болады. Сонымен, бір айдың ішінде бүгінгі су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Ал тамыз айында бұл станцияның екінші кезеңінің құрылысы бітеді. Тиісінше қалаға күніне қосымша 85 мың кубометр су берілу мүмкіндігі пайда болады. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті – деді бас шаһардың басшысы.

Ал бүгін ғана Алматының орталығында су болмайтыны туралы ақпарат тарады.

8 маусымда сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін Тілендиев – Райымбек – Розыбакиев – Дүйсенов көшелері шаршысында орналасқан тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттарға суық су беру уақытша тоқтатылады, – делінген қала әкімдігі таратқан хабарламада.

Одан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында аптап ыстықта аудан орталығының тұрғындары сусыз қалды. Петропавлға тиіп тұрған Бескөл ауылында тіршілік нәрі жоқ. «Бұл жыл сайын қайталанатын қалыпты жағдайға айналып барады», – дейді жергілікті жұртшылық.

Су тапшылығын Алматы облысы да тартып отыр. Айтпақшы, біз су дегенде, анау далада емін-еркін ағып жатқан өзенді немесе айдын шалқар көлді айтып отырған жоқпыз. Ол әлдеқашан шешілмес түйінге айналған. Біздің айтып отырғанымыз күнделікті тұрмыста тұтынатын ауызсу мәселесі. Биылғы құрғақшылықта жердің ылғалдылығы үшін пайдаланылатын судан бұрын ауыл-аудан, облыс-қалалардағы ауызсу мәселесін шешіп алсақ та үлкен олжа болатын секілді.

Сонымен су тапшылығын Алматы облысы да айналып өткен жоқ дедік қой. Облыстағы ең жақсы жағдай жасалды дейтін Шамалған ауылында да биыл ауызсу мәселесі бар.

Екі апта бұрын бір ұңғыма істен шықты. Оны жөндедік. Бірақ су деңгейі төмен түсіп кетіпті. Яғни қайта тартуға тура келді. Ал суды кеше түнде бердік. Әрі біздің су бау-бақшаны суғаруға емес, ішуге арналған. Егер ел су сорғыларын пайдалануды және бақшасын суаруды қойса, мәселе шешіледі, – дейді Шамалған ауылына су жеткізіп отырған «Таусамалы-Қызмет» ЖШС өкілі Мұхтар.

Ал Үкімет басшысына сауал жолдаған депутаттар елдегі су тапшылығы алдағы жылдары тіпті күрделене беретінін алға тартып отыр.

Қазақстан Республикасы су ресурстары шектеулі елдердің бірі болып табылады және экономика секторының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін де, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін де судың айтарлықтай тапшылығын бастан кешуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының болжамы бойынша, 2040 жылға қарай Қазақстан қажеттіліктің 50%-ын құрайтын айтарлықтай су тапшылығына тап болады. Ел аймақтарындағы су тапшылығы 2050 жылға қарай жалпы ішкі өнімінің 6%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін – дейді Премьер-министрдің атына сауал жолдаған депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, кеңседегі келісімді құбырдағы су бұзып, Смайыловтардың кеңседе айтқан кеңесі жергілікті жердегі құбырда аққан суға жүрмей тұрғаны белгілі болды.

Arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.