arasha.kz

Солтүстікке қоныс аударған жүзден аса отбасы еліне қайтып кетті

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған 140 отбасы туған жеріне қайта оралған. Олар мемлекет тарапынан төленетін материалдық көмекті қайтаруға сот арқылы міндеттеледі. Бұл туралы Qazaqstan арнасы хабарлайды. 

 

Теріскейде тұрақтай алмағандардың бірі – Түркістан тумасы Арайлым Елемесова. 4 баласын жалғыз асырап отыр. Пәтер жалдаудан жалыққан ол өткен жылы Солтүстік Қазақстанның Аққайың ауданына қоныс аударған. Үй берілгенмен, бастауыш сынып мұғаліміне мамандық бойынша жұмыс табылмапты.

“Аспаз болып жұмыс істеп жүрдім. Күнімен-түнімен. Кейін ақырында ол тоқтады. Мал сояды. Жылқы сояды. Екі күнде бір-екі жылқы сояды. Соның ішек-қарынын тазалап, сөйтіп күн көрдім. 5-ақ мың теңге береді енді. Қыстың күні”, – дейді бағдарлама қатысушысы Арайлым Елемесова. 

Арайлым сынды 600-ге жуық адам туған өңіріне кетіп қалған. Олардың барлығы нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударған. Көзделген мақсат жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. 4 жылда Қызылжар өңіріне 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударыпты.

“2020 жылдың маусымына дейінгі әлеуметтік келісімшарт бойынша қоныс аударушылар өңірде 1 жыл болуы тиіс еді. Бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды. Азаматтардың көшіп кетуінің негізгі себебі – отбасылық жағдай және ауа райының жақпауы. Бұл мәселелер ережеде көрсетілген”, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов.

Теріскейде 1500-ден астам бос жұмыс орны бар. Әсіресе мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном және техникалық мамандар тапшы. Әр қоныс аударушыға 70 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Баспана жалдау үшін бір жыл бойы ай сайын 87 мың теңгеге дейін берілетін ақы тағы бар.

“Мамандық бойынша сәйкесіп келгендер, қандай сомада жалақы алады, соған тура келетіндер, олар қайта кетіп жатқан жоқ. Енді қолында дипломы жоқ, мамандығы сәйкес келмейтін кісілер, ұсынған жұмыстарға көбі бара бермейді. Себебі ондай жеке кәсіпорындарға, олардың жалақысы енді аздау болады”, – дейді Әбдіғани Бәзілханұлы, облыс әкімінің кеңесшісі.

«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын жоспар бекітіліп, мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлінеді. Биыл оңтүстік өңірлерден тағы 2500 адам теріскейге көшірілмек. 

Exit mobile version