arasha.kz

СҚО-ның шенділері орманды отап, қалайы өндіруді бастайды

Солтүстік Қазақстанда жергілікті әкімдік 48 гектар орманды отап, орнына қалайы өндірмекші. Инвестициялық жоба екі жыл бұрын шешілген. Бұл бастамаға экологтар қарсы шықты. Бұл туралы  «Еуразия» бірінші арнасына  хабарлады. 

 

Солтүстік Қазақстанда белсенділер 48 гектар орман оталатынын айтып, наразылыққа шықты.

“Қалай өндірісінің кешенінен кім қалтасына пайда түсіреді? Халық пайда көре ме, сол белгілі бір ауқаттылар пайда көре ма? Сол себептен бүгінгі бар орман-тоғайдың пайдасы көбірек. Планетамыз, туған жеріміз сол оттегіні жұтып, демалып отырмыз. Жұрт үшін, халық үшін орман-тоғай орнында қалуы керек», – дейді эколог Азаматхан Әміртай. 

Айыртау ауданындағы «Сырымбет» кен орны Орталық Азияда қалайы өндіретін ең ауқымды жоба. Ғалымдардың зерттеуінше, мұнда шамамен 153 мың тонна қалайының қоры бар екен. Жобаны әзірлеу процесі сонау кеңес заманында басталғанымен, кен игеру жұмыстары енді-енді қолға алынып жатыр.  

«Компания кен орнынан екі есе мөлшерде орман дақылдарын отырғызу міндеттемесін алды. Яғни, 97 гектар жер көшет егіледі. Инвестиция көлемі 18 млрд теңгені құрады. Салық аударымдарының көлемі 500 млрд теңгеден астам», – дейді  облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов.

Ел аумағында орманды алқаптың көлемі бар-жоғы 21,6 млн. гектар. Ал бұл Қазақстан жерінің 4,2 проценті ғана. Сондықтан да еліміз үшін әр түп ағаш алтыннан да қымбат  саналады, дейді белсенділер. Ал жауапты компания 48 гектар аумақ үшін небары 13,7 миллион тенге төлеп құтыла салмақшы.

«Біз «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы  петиция ұйымдастырып жатырмыз. Халық ол орман-тоғайға тигізбейді», – деп қосты Азаматхан Әміртай.

Егер жоба еш кедергісіз, табысты жүзеге асатын болса, Қазақстан әлемдегі ең ірі қалайы өндірушілердің ондығына енеді. Одан бөлек, өңірдің  экономикасына 100 млрд теңге көлемінде рекордтық инвестиция құйылатын көрінеді.  Елімізде жұмыссыздар саны бойынша,  Солтүстік Қазақстан облысының көш бастап тұрғанын ескерсек, қалайыдан түскен қаражат қарашаның екі қолына бір күрек тауып берер деген сенім басым.

Exit mobile version