arasha.kz

Карантин: кәсіпкерден еріктіге

Шымкент қаласының іргесіндегі сансыз баптар мекені – Сайрамда қайырымды жандар көп. Сол қайырымды жанның бірі – Бабур Хасантаев. Карантин кезінде жас кәсіпкер еріктіге айналып шыға келді. Бабур бес-алты жылдан бері аяқ киім сатумен айналысыпты. Өзінің жеке дүкені де болған. Ел аумағында карантин басталған сәтте кәсібі тоқтаған соң, қол қусырып отырмауды ойластырады.

Оның туған інісі Надыржан аудандық Жастар орталығы жанынан құрылған еріктілер штабының көшбасшысы. Ол қол күрестен турнирлер ұйымдастырып тұрады екен. Неше жылдан бері қоғамдық іс-шаралардың белсендісі. Ағалы-інілі екеуі карантин басталған уақыттан бастап бір күн де дамылдаған емес.

Ең алдымен достарымызбен бірігіп, блок-бекеттерге тамақ апардық. 24 сағат кезекпен ауысып тұрдық. Осылайша қатарымыз 30-40 адамға дейін көбейіп, полиция қызметкерлеріне ауысыммен көмек көрсеттік. «Қазпошта» қызметкерлеріне де көмектесіп жүрдік. Қарабұлақта 2 пошта бар. 42500 теңгені олар үй-үйді аралап жүріп тарқатты. Аудан тұрғындарына тегін маска тараттық. 5 миллион теңге жинап, өкпені жасанды желдету аппараттарын алып бердік. Бұдан бөлек Рамазан айында 214 отбасыға азық-түлік тараттық, «Көмекке мұқтаж ол отбасылардың тізімін бір жерден ала салғанымыз жоқ. Көше-көшені, үй-үйді аралап, адамдардың жағдайымен жеке-жеке таныстық», – дейді ерікті.

Бабур бастаған еріктілердің тынымсыз тірлігінің нәтижесі таудай. Мәселен, Мақтаралды су алғанда 275 адамға тамақ әзірлеп, су басқан үйлердегі заттарын тасысқан. Қапқа құм толтырып, жиналғандармен бірге ағын суға кедергі жасаған. Төлебиді су басқанда да Қарабұлақ мешітінің имамымен бірге азық-түлік апарып береді.

Су алған үйдің біреуі тура қырдың түбінде екен. Үй иесі су басқанда 6-7 жасар балаларын керсенге салып суға жіберген. Сөйтіп, өмірлерін аман сақтапты. Сол отбасы мемлекет тарапынан тиісті жәрдем ала алмайтын болға соң үйін толық жөндеп бердік, тіпті үйдің ішіндегі жиһаздарына дейін алдық.

Бес баласы бар көпбалалы отбасының отағасының жұмысы каратинге байланысты тоқтап қалған екен, – дейді Бабур.

Кейіпкеріміз көрінбейтін жау алқымнан алғанда шенді-шекпенділерден гөрі қарапайым халықтың көмек қолын көбірек созғанын айтады. Қолына 50-100 мың теңгеге дейін ұстатып, алайда, атын мүлде атамауды сұрапты кейбірі. Карантин кезінде қайтыс болған адамдардың үрім-бұтағы көпшілікті жинап, ас бере алмайтын болғандықтан, еріктілерге қаржылай аударған. Халықтан жиналған ақшаға өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алған. Оның 8 аппаратын Қарабұлақ орталық ауруханасына берілген.

Бізде «Сапар» атты жекеменшік шипажай бар. Соның иесі «халыққа пайдам тисін» деп демалыс орнын 50 орындық стационарға айналдырды. Ол жерге 15 ӨЖЖ аппарат бердік. Және 50 оттегі баллонын сатып алдық. Оны күнде Шымкентке барып, толтырып әкелеміз. Соны естіген аудан жұртшылығының арасында жүк көлігі бары келіп, «бір күн мен тасып берейін» деп қолынан келген көмегін аямады, – дейді Бабур.

Бұдан бөлек той-бизнесті кәсіп қылған жігіттердің бірі карантин басталып, той бірден тоқтатылған кезде камерасын көтеріп келіпті. Екіншісі «үйде компьютерім бар, монтаж жасай аламын» деп қолын созыпты. Мұғалімдер, әр түрлі саланың адамдары көмекке ұмтылып, осылайша ютубтан «Қарабұлақ жаңалықтары» деген канал ашып, репортаж түсіруді бастап кетеді. Кейін соның бәрін әлеуметтік желілерде тарата бастайды.

Өзімнің дүкенімді мүлдем жауып тастадық. Онлайн да тапсырыс қабылдамадық. Табыстан қағылып, саудамыздың тоқтағаны рас. Бірақ, қиналып, қамыққан жандарға қол ұшын созып, олардың қуанышын көріп, сезіну де бір бақыт, жан рахаты, – дейді қайырымдылықты міндеті деп түсінетін ол. – Ақшасы жоқ болса, тым құрығанда тас, кірпіш тасысайық деп келетіндер де баршылық.

Қазірде Қарабұлақта 11 мың отбасы, 50 мыңнан аса тұрғын тұрады. Жастардың саны 10 мыңнан асады. Жастар бір үйдің баласындай, бір қолдың сағасындай ұйымдасып іс қылады. Ол жағынан өте белсенді.

Бабур бастаған еріктіер енді «Адал көмек» деген заңды түрде қоғамдық қор ашып жатыр екен. Болашақта ауданда әлеуметтік жағдайы алаңдатарлық 10 отбасы тұратын жатақхана салу ниетінде. Ол жатақханаға отбасыларды екі шартпен қабылдамақ. Біріншісі, бір жыл тегін тұрады, газ, ауызсу, жарық, коммуналдық төлемдерді өздері төлейді. Азық-түлікпен де қамтамасыз етеді. Екіншісі, тынбай жұмыс істеу керек. Осылайша бір жыл ішінде ақшаның басы құралса, жер алуға, үй көтеруге де көмектесуді ойластырып отыр.

Бір ай азық-түлікпен қамтасыз етуің мүмкін, бірақ, ол өзгеріссіз, ешқандай қамсыз, қарекетсіз отыра беруі мүмкін. Сондықтан үй салып берсек, пәтерге төлеп жатқан ақшасын жинауына мүмкіндік туатын еді. Сондықтан үй салуды шештік. Карантин кезінде еріктілер қаржы жинап, екі отбасыға үй тұрғызып бердік, – деді жұмыс барысымен бөліскен ерікті.

Еріктілер салған алғашқы үй бүгінде Дашнизовтар отбасына тиесілі. Жақын күндері құрылысы бітуге таяу.

Бұл үйде сегіз адам тұрады, оның екеуінің мүмкіндігі шектеулі, еңбекке қабілетсіз. Тек мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қарап отыр. Бұл алты бөлмелі үйдің құрылысы шілдеде басталып, тез арада салынып біткен.

Екінші үй Каримшахов отбасына салынды.

Алты жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп жүрген көшпенді қазақтың біріміз. Мына үйімізді сәл көтердік, ары қарай ақшамыз болмады. Сөйтіп несие алып, қарызға кіріп кеттік. Күйеуім ішкілікке салынып кетті, – дейді көпбалалы ана. Оның айтуынша, еріктілер үйді толық бітіріп берген. Балалары ауырса ауруханаға жеткізіп беріпті.

Елімізде атымтай жомарттар көп екенін білеміз. Бабур сияқты жомарттардың қайырымдылығы қазіргі кезеңде керек-ақ.

Exit mobile version