Өз ауылын мемлекеттің қаражатымен көгалдандырған Түркістан облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері төрт жылға сотталды. Ол туған жеріне мекеменің ақшасына шырша егіп, ұлының қымбат көлігін жөндеткен. Осылайша бюджеттің 6 миллион теңге қаржысы қолды болған. Ануарбек Маймақов қаржылық құйтырқыны бухгалтерімен сыбайласып жасаған. Аурухананы жөндеуге қажетті материалдарды өз туыстарынан сатып алған бухгалтер де 19 миллион теңге жымқырды деп айыпталды. Сот оған 7 жыл үкім кесті.
«Айыпталушының қызы мен сіңілі жеке кәсіпкер болған. Олар қағаз жүзінде тауарлар жеткізіп, әртүрлі қызметтер көрсеткен. Бірақ іс жүзінде бухгалтер ақшаны өзі аударып, иемденіп отырған. Сот барысында есепші де, Маймақов та барлық соманы өтеді. Бірақ Маймақов өз кінәсін мойындамағандықтан сот үкіміне шағым түсіргелі отыр», – деді Қаратау аудандық сотының судьясы Момбек Әмірбеков.