Түркістан облысы оқушылар буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық, интернаттардағы санитарлық нормалардың бұзылуы, психологиялық қолдау және білім беру саласында маңызды олқылықтар бар. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның Түркістан облысына жасаған сапары қортындысында айтылады.
Балаларды қорғау саласындағы жүйелік проблемаларды анықтау үшін Түркістан облысында бірнеше аудандарда тексерулер жүргізілді. Бұл тексерулер барысында өте күрделі мәселелер тіркелді.
Сарыағаш ауданы: 15 жастағы қыз зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болып қалған
Ауыл мектебінде оқушылар буллинг және бопсалау фактілері туралы шағымданып, суицид және жүктілік жағдайлары тіркелген. Бір оқушы көктемде өз-өзіне қол жұмсады, ал тағы бір 15 жастағы қыз зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болып қалған. Бұл балалар өздерінің психологиялық қиындықтарын көрсететін суреттер салғанымен, оларды мектеп психологтары назарға алмаған. Әлеуметтік қызметкерлер де бұл дабылдарға дер кезінде жауап бермеген. Бұл жағдайлар мектептердегі әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың жеткіліксіз жұмысын және балалардың дабылдарын елемейтіндіктерін көрсетті.
Төле би ауданы: Төрт бала отбасында зорлық-зомбылық көріп, үнемі таяқ жейді
Бұл ауданда төрт бала өздерінің үйдегі зорлық-зомбылық туралы шағымдарын мектепте жазып қалдырған. Олар үнемі таяқ жеу және үйдегі қатыгездік туралы айтқанымен, мектеп әкімшілігі бұл мәселені тиісті органдарға жеткізбеген және балаларға көмектесу үшін ешқандай әрекет жасалмаған.
Сайрам ауданы: Оқушы қыз суицид әрекетін жасаған
Осы ауданда бір оқушы қыз суицид әрекетін жасаған, бірақ бұл жағдайға мектеп және денсаулық сақтау қызметтері назар аудармаған. Психологиялық қызметтер тартылмаған, ал баланың өміріне қауіп төнген жағдайда ешқандай қолдау көрсетілмеген.
Тексеру барысында Түркістан облысындағы балалар интернаттары мен басқа да білім беру мекемелерінде балаларға арналған жағдайдың өте төмен деңгейде екендігі анықталды. Мәселен, Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта 200 балаға тек үш душ кабинкасы қызмет етеді, сондықтан балалар таңғы сағат 4-те тұрып душ қабылдауға мәжбүр. Бұл мекемеде балалардың тұрмыстық жағдайлары өте нашар, санитарлық нормалар сақталмаған. Кейбір балалар өздерінің дұрыс тамақтанбайтындарын айтып шағымданған. Сондай-ақ, дәретхана қағазы мен сабын тек тексеру кезінде ғана қолжетімді, ал тексеруден кейін олар мүлдем алынып тасталады. Бұл фактілер балалардың санитарлық және тұрмыстық жағдайларының төмендігін және бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.
Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға сәйкес, әрбір облыста Психологиялық қолдау орталықтары ашылуы тиіс. Түркістан облысында мұндай орталықтардың бірі тамыз айында ашылды, бірақ оның жұмысы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Мектептердегі психологтармен бірлесе жұмыс істеу процесі кешігіп отыр. Қазіргі таңда орталық басшылығы бұл мәселені шешу үшін жұмыс істеуге кіріскен.
Сонымен қатар, заңға сәйкес, әр ауданда Отбасын қолдау орталықтары ашылуы тиіс. Түркістан облысында қазіргі уақытта төрт орталық жұмыс істейді, ал жылдың соңына дейін тағы алты орталық ашылады деп жоспарлануда. Кейбір аудандарда, мысалы, Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында бұл орталықтардың жұмысы оң нәтижелер беріп отыр. Алайда, Төле би және Сарыағаш аудандарында бұл орталықтардың жұмысы заңға сәйкес реттелмеген және жергілікті билік пен полициямен өзара байланысы жеткіліксіз.
Ағымдағы проблемаларды шешу үшін облыс әкімдігі балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар жаңа шараларды қолға алды. Тексеру нәтижелері хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуын бақылау мен қадағалау жоспарлануда. Мектептерде және білім беру мекемелерінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жаңа орталықтар ашылып, оларға балалардың психикалық денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар енгізілуде.
Сондай-ақ, Түркістан облысының Психологиялық қолдау орталығында мектеп психологтарымен тығыз жұмыс істеу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар мектептердегі буллингпен күресуді, балалардың психологиялық жағдайын бақылауды күшейтуді көздейді.
Түркістан облысындағы балаларды қорғау жүйесі күрделі мәселелерге тап болып отыр. Жүйенің көптеген элементтері тиісті деңгейде жұмыс істемейді, әсіресе мектептердегі психологиялық қолдау, интернаттардағы тұрмыстық жағдайлар және әлеуметтік қызметтердің жұмысы төмен деңгейде. Алайда, облыс әкімдігі мен заңды органдар бұл мәселелерді шешу үшін маңызды қадамдар жасауда. Алдағы уақытта жаңа орталықтар ашылып, қолданыстағы жүйені жетілдіру жұмыстары жалғасады деп үміттенеміз. Бірақ бұл үшін жүйелі бақылау мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша тәуелсіз тексерулерді ұйымдастыру қажет.
Тек балалардың құқықтарын сақтай отырып және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы ғана өңірдегі балалардың әл-ауқатын жақсартуға болады.
Самал Асқар, arasha