Түркістан облысында пандемия кезінде қашықтан оқыту үшін мектеп оқушыларына ноутбук алуға бөлінген қаржысының 2,5 млрд теңгеден астам қаржысы жымқырылған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
«Агенттіктің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті «МТ-Сервис» ЖШС басшысына және облыс әкімдігінің Адам әлеуетін дамыту басқармасының лауазымды тұлғаларын қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуде.
Атап айтқанда, мемлекет «2020-2025 жылдарға арналған ҚР Білім және ғылымды дамытудың» бағдарламасы аясында коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін ноутбуктер сатып алуға ақшалай қаражат бөлді.
«МТ-Сервис» ЖШС директоры Түркістан облысы әкімдігінің «Адам әлеуетін дамыту басқармасы» ММ-мен 3,4 млрд.теңгеден астам сомаға 21 мың дана ноутбук жеткізуге шарт жасасты.
Алайда, 2,5 млрд теңгеден астам сомаға жеткізілген тауарлар Тапсырыс берушінің техникалық ерекшеліктеріне сәйкес келмеген.
Қазіргі уақытта кәсіпорын директоры ҚПК-нің 128-бабы тәртібінде ұсталды және оған қатысты тергеу соты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын қолданды», – делінген агенттік хабарламасында.