arasha.kz

Түркістанда алты ауылдың тұрғындары экологиялық апаттан қорқып отыр

Түркістан облысы Түлкібас ауданы экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұр. Себебі тау-тастың арасындағы күнара болатын жарылыстан бұлақтар тартылып, тұрғындар шаң-тозаңнан көз аша алмай отыр.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жығылғанға жұдырық болып, жақын маңға химиялық зауыт салынбақ. Алайда халықпен не зауыт басшылығы, не биліктегілер келіп бір ауыз сөйлеспеген.

Түлкібас ауданының алты ауылының жүзге жуық тұрғыны химиялық зауыттың салынуына үзілді-кесілді қарсы. «Уланып өмір сүргіміз келмейді» дегендер өздерінің талаптарын төтесінен қойып, техникаларын жүргізбей тастады.

Біздің балаларымыздың мүгедек болмайтынына, дені сау болып туарына кім кепіл береді? Шенеуніктер кепілдік бере ме? Кішкентай ғана табиғатымызға зауыт салғалы жатыр”, – деді тұрғын Болатбек Құрманов. 

Халықпен санаспайды, халыққа есеп бермейді. Біздің айқайымызды тыңдап жатқан жоқ. Осы жердің қожайыны тікұшақпен келеді де, қайта ұшып кетеді. Бізге спорт кешенін саламыз, асфальт саламыз дейді. Біздің денсаулығымыз жоқ болса, бізге оның не керегі бар?!” – деді тағы бір тұрғын.

Осылай деп ашынғандар ел іргесіндегі карерьдің жұмысын тоқтатуды айтып қалды. Себебі тауды жарған кезде есік-терезелеріне дейін тарсылдап кетеді екен. 

Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары зауыт салынбайды, тек жобасы жасалып жатыр деп құтылды. 

“Қазір бір осы карерьдің жұмыстары бойынша арыз жазып, белгілі мекемелерге жіберіп жатырмыз. Облыс, тіпті министрлік деңгейіне дейін арызданамыз. Тоқтатуға мүмкіндік бар”, – деді ол.

Тұрғындар бірнеше рет ауданға, облысқа арызданғанымен, жауап келмеген. Енді тағы да жиналып, петицияға қол қойды. 

Exit mobile version