03-10-20 |
2590 рет қаралған
«Қайырымдылықтың қайтарымы мың есе».
«Қайырымдылықтың қайтарымы мың есе»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай биыл ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» «Birgemiz Qamqor» жобасын жүзеге асыруда. Орталық еліміздің түпкір-түпкіріндегі жаны жақсылық жасауға құмар, қоғам үшін еңбек етіп жатқан еріктілерді қолдауда. «Birgemiz Qamqor» грантына ие болған жандардың қатарында Қызылорда қаласының тұрғыны, «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының және «Қамқор» еріктілер штабының жетекшісі Сағатбек Қуанышбайұлы Сиюов та бар. Өзі мүгедек болса да қоғам үшін сау адамнан артық еңбек етіп жүрген тұлғаны біз әңгімеге тартқан едік.

Сағатбек Қуанышбайұлы, сізді Қызылорда өңірінде халық өте жақсы таниды. Көптеген игі істердің бас қасында жүргеніңізді жақсы білеміз. Есіміңізді еліміздің басқа өңірлеріндегі жұрт естімей жатуы мүмкін. Сондықтан өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

Менің есімім, Сағатбек Қуанышбайұлы. Қызылорда қаласында туып өстім. Тәуелсіздіктің құрдасымын. Осыдан 7-8 жыл бұрын жол-көлік апатына түсіп арбаға таңылдым. Соңғы 4 жылда қоғамдық жұмысқа белсене араласып, волонтерлікпен айналысып келемін. Биыл Волонтер жылы екенін білесіз. Соған орай, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның гранты туралы инстаграмнан оқып қалдым. Қызылорда қаласында мен жол-көлік апатына түскен кезде емделген орталық бар. Сол мекеменің маған көп пайдасы тиді, өмірге деген құштарлығымды арттырды, сынбауыма себепкер болды. Сондықтан жаңағы грантқа орталыққа пайдамды тигізейін деген оймен қатыстым. Ұсынған жобам – мекемеге «Табиғат бұрышын» жасау болды. Оның сметасын жасап, қажетті құжаттарын жинақтап грантқа ұсындық. 300 мың теңге көлемінде қаражат ұттық. Қазір мекемеде «Табиғат бұрышын» жасап жатырмыз. Ол жерде гүл өсіріліп, аквариумдар қойылып, тоты құстар сайрайтын болады. Киіз үй қойып жарақтандырып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда емделушілердің демалатын, сауығатын, сұхбаттасатын бөлмесі болады.

Жол-көлік апатынан кейін қиындықтарды қалай жеңе білдіңіз? Қоғамдық өмірге белсене араласуыңызға не түрткі болды?

Менің волонтерлікке келуіме түрткі болған қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасы. Басында маған бәрінің біртүрлі қарағанын сезіндім. Біреуі аянышпен қарайды, біреуі не болып қалған деген сияқты қызығушылықпен қарайды. Бұған қоса, арбамен көшеге шықсаң тротуарлар дұрыс емес, пандус дұрыс емес. Осы қиындықтар мені белсенді болуға итермеледі. Сау адамның жасамай жүрген дүниесін арбада отырып жасаймын, біреуге көмектесемін деген ынта пайда болды. 12 мүшесі сау болсада бәрін қиратып бүлдіретіндерге үлгі болғым келді.

Сіз басқаратын қоғамдық ұйымдардың жұмысы жайында айта кетсеңіз.

Мен 2017 жылы «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорын құрдым. Бұл топ әр саладан жиналған белсенді жастардың басын қосты. Біз ортақ мақсат қойып, жақсылықты жұмылып жасап келеміз. Қазір тобымызда 30-ға жуық жастар еріктілік қызмет жасап, елдің алғысын алып жүр. Ерікті жастардың тұрақты шаралары мен жобалары жүрегі жылулықты күтетін әрбір мұқтаж жанның көңіліне қуаныш сыйлауда. Еріктілер тобының мақсаты – қайырымдылық жасау арқылы, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сал ауруымен ауыратын балаларға, қарттарға, қоғамда көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созып, көмек көрсету. Жақсылық жасап жарысу, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, әр түрлі рухани кештерді өткізу, жастарды рухани баюға, жақсылық жасауға тәрбиелеу. Осы уақытқа дейін 40-қа жуық қайырымдылық шара ұйымдастырылды.

Волонтерлікпен айналысудағы басты мақсатыңыз не?

Жалпы өмірге келгеннен кейін біреуге көмектесу әрбір азаматтың парызы. Мен арбамен жүріп осыншама жұмыс тындырсам, сау адам менен де көп, тау қопаратындай жұмыс істей алатынын көрсеткім келді. Ең басты мақсатым осы. Қазір көптеген іні-қарындастар болмашы қиындыққа шыдамай өмірден түңіліп, өз-өздеріне қол жұмсап жатады. Тепсе темір үзетін жігіттер аялдамаларды теуіп қиратады. Күшің тасып бара жатса жақсылыққа жұмса. Жақсылық пен қайырымдылықтың қайтарымы мың есе.

Әңгімеңізге рақмет!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.