arasha.kz

Қызылорда дүкендерінде сәбіз бағасы 735-ке жетті

Қызылордада әлеуметтік дүкендерде картоп пен сәбіз жоқ.
Жергілікті жердегі Magnum супермаркетінде сәбіздің келісі 735 теңгеден сатылып жатыр.

Бұл фактіні қала тұрғыны Динара Эшатова әлеуметтік желіге жариялады. Қызылорданың басқа сауда нүктелеріндегі бағалар бұдан сәл ғана төмен болған.
Ашуланған қызылордалықтар жазбаның астына көптеген пікірлер қалдырды. Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығында шек болмады. 

«Әкімдік қайда қарап отыр? Үйінде сәбізсіз, пиязсыз және картопсыз пісіретін шығар», «Сәбіз 735 теңге, алтын жалатты ма?», “Біреуден мал- жан аман ба деп жағдай сұрасудың орнына, ауылдарыңда сәбіз қанша деп сұрайтын күйге жеттік”, – деп жазды олар.

Бұл ретте Қызылорда облысында бір айдан астам уақыттан бері картоптың, сәбіздің, қызылшаның бағасы жоғары екені байқалады. Былтырғы егіннен алынған тамырлы дақылдардың да құны өсті.

Егер өткен жылдары маусымаралық кезеңде өнімді неғұрлым төмен бағамен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұсынса, биыл бұл құрылымның ұсынатын ештеңесі жоқ. Әлеуметтік дүкендердің сөрелерінде картоп, пияз және сәбіз жоқ.
Қызылорда облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, тұрақтандыру қоры сатып алу ережелерінің өзгеруіне байланысты осы өнімнің қажетті көлемін сатып ала алмады. Қолданылған сатып алу жүйесі қордың жетіспеуіне себеп болды. Енді 2022 жылдан бастап бұрынғы сатып алу ережелері қайтарылады.

Exit mobile version