Қызылордада мал қырылып жатыр. Қала іргесіндегі Талдыарал ауылының тұрғындары дабыл қақты. Бұл туралы “Астана” арнасы хабарлады.
Төрт түліктің арам қатуына екпенің кеш салынуы және ветеринардың жауапсыздығы себеп дейді олар. Айтуларынша, ветеринарлар екпені уақытылы салмайтын көрінеді. Және ауырған түлікке ем-шара жасамайды. Соның салдарынан жұрт қалған малымыздан да айрылып қаламыз ба деп алаңдаулы.
“Хабарласамыз, келмейді. Ауырған кезде зорға шақыртып алдық. Сол кезде вакцина салып кетті. Салғаннан 3 күннен кейін малдар өліп қалды. Мал шаруашылығы ғой, сатсаң, ақша болады”, – дейді Қызылорда облысының тұрғыны Жұмабек Аймағамбетов.
Мамандар ауылдағы төрт түлікке екпе уақытылы салынды дейді. Ал қырылған мал дерекқор базасына енбегендіктен, осындай жағдай болғанын айтады. Тізімге енбеген ірі қараға екпе егілмейтін көрінеді. Сондықтан маман ауыл тұрғындарына малын өз атына тіркеу үшін өтінім қалдыруға кеңес береді. Сонда ғана мемлекеттен бөлінетін екпеге ілініп, жоспар бойынша уақытында бақылауға алынатынын айтты. Ал ірі қараның жаппай қырылу себебі әлі белгісіз. Дегенмен мамандар бұл жұқпалы ауру емес деп болжап отыр.
“Оған біз вакцина жоспарлай алмаймыз. Біз дерекқор базасында қанша бас бар соған вакцина жоспарлаймыз жылдың басында. Сондай жағдайлар бар. Көбісі өз малдарын дерекқорға өтініш беріп енгізуі тиіс. Бірдейлендіру жұмыстары ол мемлекеттік қызмет көрсетуге жатады. Сол себепті тұрғындардың өзі өтініштерін беруге тиіс”, – дейді Қызылорда қалалық ветеринарлық станциясының лиректоры Нұрлан Төлегенов.