arasha.kz

Жамбылда коменданттық уақытта қаза болған студенттің туыстары араша сұрайды

Жамбылда оқ жарақатынан қайтыс болған студенттің әкесі ұлының өліміне кінәлілердің жауап беруін сұрайды. Марқұм Нұрсұлтан Қуатбаев cол күні коменданттық уақытта нағашы әжесінің үйінен қайтып келе жатқан. Полиция тергеу құпиялылығына байланысты нақты ақпарат бермей отыр, деп хабарлайды Информбюро.

Нұрсұлтан Қуатбаев Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының екінші курсында оқыған. Қысқы демалысты пайдаланып, Тараздағы ата-анасының қасында болуға келіпті. Әкесі Бақытжанның айтуынша, ол жаппай тәртіпсіздік кезінде үйінен мүлдем шықпаған. Тек жетінші қаңтар күні нағашы әжесіне барған. Ал кешке коменданттық сағат уақытында өз үйіне қайтып келе жатып оққа ұшыпты. Бірақ нақты қай жерде, қалай қайтыс болғаны туралы хабарсыз. Дәрігерлер, марқұмның үш жеріне оқ тигенін айтқан. 

Жамбасына екі оқ тиген. Мына оң жақ, жүрек жағынан бір оқ тиген. Неге ол? Сол кезде артынан атқан, бала құлаған. Келіп добивать етіп, мына жақтан атып отыр ғой. Дұрыс емес қой ол”, – дейді марқұм Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков.

Нұрсұлтан отбасындағы бес баланың тұңғышы болған. Ол бала кезден ән айтуға құмартып, өмірін өнермен байланыстыруды армандапты. 

Өзім-ақ осылай-осылай көтерілемін. Ешкімнің демеуінсіз деп өзін-өзі көтеріп жүрген бала еді. Қияли. Өзінің арманына жете алмай қалды балам. Оның арманы көп еді”, – дейді Марқұм Нұрсұлтан Қуатбаевтың әжесі Кеңескүш Шыңғысбекова.

Ал облыстық полиция департаментінің өкілдері тергеу ісінің құпиялылығына байланысты деп, ешбір ақпарат бермеді. Бірақ Нұрсұлтанның кімнің қолынан қаза тапқаны анықталады деп отыр. 

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес жариялануға жатпайды”, – дейді Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы Нұрсұлтанның қандай жағдайда қаза тапқаны ашық айтылсын дейді. Әрі, 18 жасқа жаңа толған жазықсыз жанға оқ атқан адамдар заң аясында тиісті жазасын алсын деп талап қойып отыр. 

Exit mobile version