Жамбыл облысындағы Байзақ аудандық №8 өрт сөндіру қызметінің маманы Асыл Мұхамбетжанов әскери қоймадағы жарылыс кезінде адам шығыны не себепті көп болғанын айтты.
«Оқиға орнына бірінші болып барған біз едік. Алдымен барлау жасаймыз ғой. Сол жерде «старший кім?» деп сұрап едім, аға лейтенант па, майор ма, сол кісі менмін деді, жарылатын зат жоқ па деп сұрадым, жарылатын ештеңе жоқ деді. Видеоны көрген шығарсыз. Қара түтіннің ішінде өрт сөндірушілер жүрді. Арасында мен де бармын. Су беріп жаттым. Сол кезде жарылатын зат жоқ па деп тағы сұрадым. Жоқ деп жауап берді», – деді Мұхамбетжанов журналистерге берген сұхбатында.
Ауруханада жатқан төтенше жағдайлар қызметінің тағы бір маманы өз әріптесінің сөзін растады. Алмаз есімді өрт сөндіруші әскерилер жарылыс қаупі бар екенін айтпағанын жеткізді.
Ал қорғаныс министрлігі тағылған айыптың негізсіз екенін мәлімдеді. Себебі өрт сөндірушілер әскери қоймаға барғанда қауіп-қатердің бар екенін білген.
«Мәселе мынада, өрт сөндірушілер командасы келгеннен бастап бәрін өздері басқарады. Оларда нысанның паспорты бар. Ішінде не бар екенін де біледі. Сондықтан оқиға орнына жеткенше тиісті шешім қабылдайды. Ішкі істер министрінің №446 бұйрығын қарап көріңіз. Сол құжатта бәрі жазылған. Кім және қалай әрекет етеді, соның бәрі көрсетілген», – деді қорғаныс министрлігінде істейтін лауазымды тұлға Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әскери қоймада өрт сөндіру жұмыстары басталғаннан кейін шынымен де әскерилерді қауіпсіз жерге көшірген.
«Олар – әскерге шақырылғандар, әскери борышын өтеп жүргендер. Жас жігіттер ғой. Оларға қауіп төне бастағанда қауіпсіз жерге шығарды. Ал келісімшартпен әскери қызметте жүргендердің бәрі қалды. Қазір кейбір бұқаралық ақпарат құралдары әскерилер қашып кетті деп жатыр. Ешкім қашқан жоқ. Біз жас балаларды қауіпсіз жерге шығаруға тырыстық. Бұл басты міндет болған», – дейді әскери шенеунік.