Өкініштісі, соңғы кезде жаназаны әлемжеліге салып жариялайтын әдет пайда болды.
Мәселен, ақпан басында Астана іргесіндегі елдімекенде болған қасірет әлі есімізде. Әке-шешесі түн қараңғысында жұмысқа кеткенде, үйі өртеніп, онда қалдырып кеткен бес бірдей қызы отқа оранды. Адам баласы дұшпанына да тілемейтін трагедия.
Біздің айтпағымыз, жалынға оранып кете барған сол бес бүлдіршінді ақтық сапарға аттандыру сәтіндегі суреттер әлеуметтік желіде тарап кетті. Тіпті, қателеспесек, ғаламтор арқылы жаназадан тікелей эфир таратқандар да болды. Жалғанды тастап кете барған бес періштенің жаназасын сонша жариялау кімге, неге, не үшін керек?! Осы сауалдардың жауабын таба алмай әлі күнге далмыз. Иә, «қайғыны бөліссең азаяды» деген бар. Бірақ, біреудің қаралы халін ресми жиыннан хабар таратқандай мұқым елге әлеуметтік желі арқылы жария ету – қайғыны бөлісу ме?! Әлде «көршінің қорасы өртеніп жатса, қойдың басын үйітіп алудың» кері ме?!
Екінші мәселе, 27 ақпанда таңғы алтылар шамасында Тараз қаласының тұрғындарын жарылыстың жаңғырығы оятты. Көп қабатты үйлердің бірінде жарылыс болып, үш адамның өмірін алып кетті. Ажал айтып келсін бе?! Ертесіне, апат кезінде қайтыс болғандардың бірінің жаназасына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, отбасына көңіл айтты. Сөз жоқ, Астанадағы бес қыздың жаназасында елордалық шенеуніктердің қолынан келмеген адами қасиет, мұсылманшылық парыз. Өйткені, биліктің қай сатысындағы, қай тармағындағы шенеунік болсын, ол ең әуелі – адам. Ал, өзекті жанға ертелі-кеш бір өлім келері хақ. Өзгенің қайғысын бөлісіп бару – осы ақиқатқа мойынсұну. Әрі, асыл дініміз де көңіл айтуға асығуға шақырмаушы ма еді?!
Тек, біздегі атқарушысы болсын, басқарушысы болсын, билік тұтқасын ұстағандар мұны ескере бермейді. Бәлкім, ескергісі келмейді де. Сондықтан ғой, Жамбыл облысы әкімінің қаралы үйге көңіл айтып барғанын таңсық көріп жүргеніміз. Негізі солай болуы керек, назар аударудың қажеті жоқ дүние болса да, басқалармен (әсіресе, елордалық шенеуніктермен) салыстырмалы түрде алғанда Жамбыл облысы әкімінің бұл қадамына сүйсінуге, «бәрекелді» десуге мәжбүрміз.
Алайда, осы сүйсінісіміздің сүйкімін Жамбыл облысы әкімдігі Баспасөз қызметінің жетекшісі кетіргендей. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына жаназада қарапайым жұртпен қатарда тұрған әкімінің фотосын жариялап, «Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы көпқабатты үйде орын алған жарылыстан қайтыс болған Бексұлтан Темірханұлының Жамбыл ауданында тұратын отбасына арнайы барып көңіл айтты. Жаназаға қатысқан Асқар Исабекұлы марқұмның ата-анасы, туған-туыстары мен бауырларына жолығып, қайғылы жағдай барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғанын жеткізіп, қазаның арты қайырлы болуын тіледі», – деп арнайылап пост жазған.
Ал, бұл қаншалықты дұрыс?! Құқықтық мемлекетте заң алдында бәрі тең болып келетіні секілді, діннің алдында да бар мұсылман бірдей. Олардың кейбірінің дінде парыз етілген дүниені орындаудағы әрекетін неліктен басқалардан бөлекшелеп, жария реңк беруі керек?! Қала берді, «бір қолың жасаған жақсылықты, екінші қолың білмесін» деуші еді. Оның үстіне, өңір әкімінің облыстағы бір отбасының қайғысына ортақтасып баруы жұмыс барысындағы іссапар, ресми жиын, не қандай да бір атқарылып жатқан жұмыстың жайымен танысу емес қой. Ендеше, басшысының әр қадамын постқа қосып, фотосын салып, пиар жасап отыратын Баспасөз қызметінің бұл әрекеті жаназадан да әкімнің «жарнамасын» жасау емес пе деген ойға қалдық. Әкімі де дәл осы тұста «тәйт» дей салмаған екен да.
Қалың жұртшылықтың іші қазасыз болмай тұрмайды. Ертең, бетін ары қылсын десек те, осындай посттарды өзге аймақтардың да баспасөз хатшылары салмасына кепіл жоқ. Сондықтан, бұл бір Асқар Мырзахметовке қатысты мәселе еместігін естеріңізге салғымыз келеді.
Хасан АМАНҚҰЛОВ, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
– Жаназа намазы ол парыз. Мүмкіндігі бар адам уақыты болса оған барып, қатысқаны сауап. Бұл сауапты іс. Сондықтан, бізде, әсіресе ауылдық жерлерде жаназаға шақырады, басқа ауылға хабарлап жатады. Өйткені, бұл адамды сауапқа, ғибадатқа шақыру. Сол сауаптан мақұрым болып қалмасын деп шақырады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның екі нәрсе мұсылман үшін ғибрат екенін айтып кеткені бар. Біріншісі Құран, екіншісі өлім дейді. Өлімнен адам ғибрат алуы керек, сөз сөйлеп болсын, қатысып дегендей. Өзгелерді де ғибраттандыру мақсатында солай істеуге болады.
Ал, енді соны суретке түсіріп, жариялы ету мәселесіне келсек, негізі ниетке байланысты. Егер адамдар сол арқылы бір нәрсені жарнамалау немесе тағы басқа нәрсеге ниет еткен болса, сол ниетіне қарай не сауап, не күнә алады. Себебі, мәйіттің де құрметі болуы керек қой. Оны бұл мәселеге, яғни әркім өзінің мүддесіне пайдаланбауы керек.
Сондықтан, бұл жерде әрбір іс оның ниетіне қарай үкімі белгіленеді, яғни сауап не күнә екендігі.
Айбар САҚ