14-11-19 | 17:25
Аймағамбетов 40 жылдық тарихы бар жалғыз кітапхананы неге жаппақшы?.
Аймағамбетов 40 жылдық тарихы бар жалғыз кітапхананы неге жаппақшы?

40 жылдық тарихы бар Республикадағы жалғыз педагогикалық профильдегі кітапхананы білім және ғылым министрлігі жаппақшы болып жатыр деп білім және ғылым министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы ұжымы дабыл қағуда.

“Біздегі кітапхана қоры еш жерде қайталанбайтын педагогикалық ерекше қор. Оны құртып жіберу ақылға қонбайды. Бұл қарамағындағы кітапханалардың барлығын алып келе жатқан методикалық орталық. Әсіресе, бұл кітапхана мектеп кітапханаларының орталығы. Жалпы кітапқа қызығушылық мектептен басталады емес пе, егер  мектеп кітапханаларының орталығы жойылып кетсе не болады?” -деп қынжылады кітапханашы Клара Иманбаева.

Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы жабылады деген ақпаратты кітапханашылар Білім және ғылым министрлігінің ресми порталынан оқып, біліпті. Алайда кітапханаға министрлік ескертіп айтпаған екен. Содан кітапхана ұжымы өздерінің наразылықтарын білдіріп, БАҚ және депутаттарға хат жолдап, мәселелерін көтеруді сұраған. Осы жағдайдан кейін Білім және ғылым министрлігі мекеменің жабылуына байланысты мағлұматты порталдан алып тастапты. Мұны кітапхана директоры Айман Әлиқызы жақсыға жорып, кітапхананы енді жаппайтын шығар деп отыр.

Алайда аталған кітапхананы жабу мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатқан көрінеді. “Министрлік кітапханашыларға мекеме жабылмайды деп айтып, кейін еш ескертпесетен басқа шешім шығарады” дейді директор.

“Бізге әлі ештеңе деп айтқан жоқ. Негізі мекеменің жабылуына байланысты бұйрық әлі шыққан жоқ. Бірақ бұған дейін Ұлттық білім  академиясына қосамыз деді. Сосын біз қарсы болдық. Одан кейін сіздерге тиіспейміз деп айтты. Біз тиіспейді екен деп отыра берсек, Абай атындағы ҚазҰПУ-ға қосамыз деп шығарыпты. Сосын неге бізді алдайсыңдар? Үндемей жүріп, бұларың не дедік. Порталға “ликвидация” деп жазып қойыпты. Ликвидация деген мүлдем жойып жіберу ғой”, -деп мән-жайды баяндаған кітапхана директоры: “Бұрын жабамыз десе де біздің сөзімізге құлақ асатын еді, ал қазіргі жаңадан келген министрліктегі адамдар “катигорично”(үзілді-кесілді ред.) жабамыз деп отыр. Біз келіспейміз дедік. Біз Республикаға қызмет істейтін кітапханамыз”, -деп наразылығын білдірді Айман Әлиқызы.

“Араша” ақпараттық-құқықтық порталы тілшісі осы мәселе бойынша Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне  хабарласқан еді, ол жерде “министрдің кеңесшісі Ерболат Мұхаметжанов кітапхана жабылмайды” деп айтқанын жеткізді.

Аталған кітапханада 35 адам жұмыс істейді екен. Мекеме жабылып қалған жағдайда ұжым толығымен жұмыссыз қалмақ.

“Неше түрлі орталықтар құрылып жатқанда біздің кітапхана соншалықты көп қаражат жұмсап, орасан шығын әкеліп жатыр ма? Онысыз да жалақымыз аз. Жалақының аздығына қарамастан осы жерде 25 жылдай жұмыс істеп келе жатқан адамдар бар”, – дейді кітапхана қызметкері Клара Иманбаева.

Кітапхана жабылмайды деп бірнеше рет уәде беріп, алайда мәселе қайта-қайта көтерілетін болғандықтан кітапханашыларың күдігі әлі де сейілмеген. Біздің тілшіміз де аталған министрлікке хабарласып, енді бұл мәселе көтерілмей ме, кітапхана жабылмай ма деп қайтара сұрағанында: -“Жабылмайды”, -деп министрлік өкілі қайталап жауап берді.

Кітапхана директорының айтуынша, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасын жабу мәселесінің көтерілу себебі министрліктегілер осы кітапхана жұмысының маңыздылығын түсінбей отыр.

“Кітапханаларды кезінде Гитлер жойды. Жаулар ғана кітапханаларды жоятын еді. Ал білім саласының мамандары өз кітапханаларын жабу дегенді түсінбеймін”,-дейді Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Айман Әлиқызы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.