23-07-21 |
2670 рет қаралған
10 мың содыры бар ауған әскері Орталық Азияға ығыса бастады.
10 мың содыры бар ауған әскері  Орталық Азияға ығыса бастады

Ауғанстандағы қақтығыс салдарынан Орталық Азия елдері үшін әскери қауіп өршіп жатыр. Ауған-тәжік шекарасының барлық дерлік аумағын қазір «Талибан»* бақылауда ұстап отыр және проблема тек бұл мәселеде емес, деп жазды Sputnik Қазақстан. 

Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың ақпараты бойынша Ауғанстанның солтүстік провинциялары жаңа соғыс аумағына айналып, мұнда ДАИШ* пен «Әл-Каида»* сынды көптеген халықаралық террористік ұйым өз позициясын нығайтуда. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақтан ауған жеріне террористер ағылып жатыр. Орталық Азия елдерінен шыққан содырларды тарту жұмыстары жаданды.

Тәжік президенті Эмомали Рахмон 22 шілдеде Душанбеде өткен әскери шеру кезінде Тәжікстан өз әскерін ешқашан көршісіне қарсы қолданбайтынын мәлімдеді. Алайда ауған соғысы баяу адыммен-ақ Пяндж өзенінің аумағына қарай ығысып жатыр.

Біраз бұрын тәлібтер Ауғанстан үкімет күштерінің шамамен 1 600 сарбазын Тәжікстанға қарай бас сауғалауға мәжбүрлегені белгілі болды. Қан қызуымен біраз сарбаз тәжікстан территориясынан «Талибанға»* қарсы оқ атқан. Содан кейін ауғандар басқа учаскедегі өз еліне қайта оралып, тәлібтерге қарсы шабуылдады.Бұл жағдай бейтараптық пен тату көршілікті ғана емес, басқыншылықтың қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін көрсетіп тұр. Бір жолы тәлібтер кері шегінген қарсыластың артынан қуып, шекараны байқамай, тәжік халқына зиян келтіруі әбден мүмкін. Ал тәжіктер кек қайтармай жатпасы анық. Сол кезде Орталық Азияда сұрапыл соғыс ақиқатқа айналады.

Түрікменстан – жабық мемлекет. Әйтсе де күні кеше Түрікменстанда қайтыс болған 18 әскери қызметкердің туыстары БАҚ арқылы мынаны мәлімдеді: төтенше жағдай Марый уәлаятында, Ауғанстанмен шекарада болған. Ресми ақпарат бойынша екі офицер мен 16 сарбаз жол апатынан көз жұмды. Қалай болғанда да тәлібтер Түрікменстанмен шекарадағы бақылау-өткізу пунктін 9 шілдеде басып алған болатын. Ашхабад осыған байланысты Марый уәлаятының оңтүстік аумағына қосымша әскер, артиллерия мен броньді техника жөнелтті. Жағдай қиын.

Эмомали Рахмонның әскери шерудегі мәлімдемесі оптимистік сипатта болғанымен, президент тәжік-ауған шекарасындағы жағдайды «аса күрделі» деп атады. Елдегі 100 мың әскери және запастағы 130 мың сарбаз бен офицер толық әскери дайындықта тұрғаны да жайдан-жай емес. Мұндай жағдай тәуелсіз Тәжікстан тарихында алғаш рет болып отыр.

Рахмон Ауғанстанның солтүстік провинцияларындағы жағдай күн сайын ушығып жатқанын атап өтті. Шекара күзеті мен барлық күшті оңтүстік бағытқа қарай жұмылдыру Тәжікстанның басты міндеті болып отыр. Соған қарағанда көрші елмен соғысуға тура келетін секілді.

Ауған президенті Ашраф Гани бір күн бұрын жасаған мәлімдемесінде тәлібтер елді террористер тұрағына айналдыруға тырысып жатқанын және «Әл-Каида»*, пәкістандық «Джаиш-е-Мухаммад»* пен «Лашкар-е-Тайба»* топтарымен «тығыз байланыс» ұстап отырғанын мәлімдеді.

Гани сондай-ақ Кабулдағы Арнайы операциялар корпусының әскери қызметкерлеріне Ауғанстандағы жағдайды алдағы жарты жылда жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары туралы айтты.  

Ауғанстанда қазір ДАИШ*-тың 10 мыңға жуық содыры бар. Тарихқа көз жүгіртсек, 1989 жылы кеңестік әскер Ауғанстаннан кеткеннен кейін президент Мұхаммед Наджиболланың демократиялық үкіметі «моджахедтермен» үш жыл соғысып, ақырында жеңілген болатын. Сондықтан Ашраф Гани мен қазіргі үкімет қанша уақыт террористерге төтеп бере алатыны белгісіз.АҚШ Қарулы күштері Штаб басшыларының біріккен комитет төрағасы генерал Марк Милли 21 шілдеде «Талибан»* Ауғанстан аумағын белсенді түрде басып алып, қазір елдегі 419 уезд орталығының 210-нан астамы тәлібтердің бақылауында екенін жеткізді. Алайда Милли ауған армиясы Кабул мен басқа да ірі қала тұрғындарын сенімді қорғау үшін аудан орталықтарын өз есебіне сәйкес әдейі беріп отырғанын айтты. АҚШ президенті Джо Байден де Америка мен НАТО әскері кеткеннен кейін де жауға төтеп беру үшін Ауғанстан үкіметінің күші жеткілікті екенін айтты. Алайда «Талибанның»* қазіргі қарқынына қарасақ, Гани, Милли мен Байденнің оптимистік бағалаулары күмән тудырады.

Сонымен қатар Ауғанстан аумағына өз ықпалын жүргізуге ынталанып отырғандар арасында Пәкістан мен Иран жиі аталады. Жалпы Пәкістан мен «Талибанның»* байланысы туралы бұрыннан белгілі. Ал ауған шейіттер жасағы Ислам революциясы күзеті корпусының мамандары Сириядағы соғыс әрекеттері үшін жаттықтырылған болатын. Сол себепті Ауғанстанда террористік ұйымдардың арасында да «тақталас» болуы ықтимал.

Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы аясында Ресей Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен үнемі байланыста тұр. Бейсенбі, 22 шілдеде Ресей мен Тәжікстан президенттері телефон арқылы тағы да Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Мәскеу қажет болған жағдайда Орталық Азия елдеріне оңтүстіктегі агрессияға тойтарыс беруге жедел көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тамыз бен қыркүйек айларында Ресей Қарулы күштерінің арнайы және бітімгерлік құрылымдары Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан әскерлерімен бірлескен маневрлер өткізеді. Бұл шара ауқымы жағынан бірнеше ресейлік дивизия мен бригаданы 2021 жылдың сәуірінде Украина шекарасына орналастыруымен бірдей болады.

Маневрлерге Ресей тарапынан Қырғызстан мен Тәжікстандағы Ресей әскери базасының авиатоптары, жалпы әскер армиясының арнайы жасақ бөлімшелері, Псков және Новосибирск арнайы мақсаттағы бригадалары, Ульянов десанттық-шабуылдау бригадасы, 55-ші тау және 15-ші бітімгерлік бригадалары қатысады. Сонымен қатар «Бейбіт миссия -2021» стратегиялық маневрлеріне қатысатын Шанхай ынтымақтастық ұйымы (Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) аясындағы қарулы күштерді есепке алмағандағы құрам. Бұл 4 мыңнан астам әскери қызметкерді қамтиды.Сонымен қатар Ауғанстанмен шекарадағы Сурхандария облысындағы Ресей мен Өзбекстанның бірлескен маневрлеріне Орталық әскери округтің соққы жасау авиациясы тартылады. 30 шілде мен 10 тамыз аралығында Қырғызстандағы бірлескен Ресей әскери базасының Су-25СМ шабуылдау ұшағының экипаждары әскерге әуе арқылы бірлескен қолдау көрсетеді.

Тәжікстан Республикасының Хатлон облысындағы Харб-Майдон полигонында 5-10 тамыз аралығында Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан әскерінің бірлескен маневрлері өтеді. Ол шараға Ауғанстан шекарасынан 20 километр қашықтықта ресейлік 201-ші әскери базаның жаңа броньды техникамен күшейтілген бөлімшелері орналасады.

* – Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.