Белгілі бір мәселеге қатысты Елбасы пікір білдірсе, соны қызылкеңірдек болып талқылап, әлгі мәселені көкпардың серкесіндей тартысқа салу қашанғы дағдымыз. Соның бір айғағы соңғы апта көлемінде БАҚ біткеннің бетінен түспей келе жатқан қыздарға түсік жасатуға рұқсат берудің жайы.
Бірден айта кетейік, Елбасы жақында өткен VІІІ Азаматтық форумда елдегі ажырасу деңгейінің өсуіне алаңдаушылық білдіріп, қыз балалардың тәрбиесін тілге тиек еткен болатын. Әлбетте, сөзбе-сөз шалыс басқан қыздарға «аборт жасатуға рұқсат беріңдер…» немесе «…бермеңдер» деген жоқ. «Өмірде әртүрлі жағдайлар болады, әрине. Ажырасу – алаңдатарлық мәселе. 25-30 пайызы ажырасады екен. Неліктен? Өйткені, біз мектепте балаларға бұл тақырыпта білім бермейміз. Қарым-қатынас, есею, әйелдер қалай жүкті болады… мұның бәрін ұят санаймыз. Басқа елдерде 14-15 жастағы балаларды оқытады. Біз үшін бұл ұят. Психологияны өзгерту керек. Ұят ештеңесі жоқ, сол үшін бұған назар аударып отырмын», міне, Президенттің әлгі дүбірлі жиында аталмыш мәселеге орай айтқаны осы.
Сол-ақ екен, ғаламтор сайттарында «мектептерде тегін мүшеқап таратпақшы» деген сарындағы материалдар қарша борағаны. Қазақ үшін бұл ашық айтыла бермейтін жабық тақырып еді. Ал, Елбасының сөзін басқаша «тәпсірлеп», айқайлатып, аттандатып беріп жатқандардың мұнысы мәселеге назар аудартудан гөрі, темірді ыстық кезінде соғып, атын шығаруды, оқырманын көбейтуді көксеуге келіңкірейтіндей.
«Бақсам, бақа екен» демекші, айтудың өзі ұят нәрсені ұялмай-ақ қоламтадай бықсытып отырған ресми орындардың өзі. Нақтысы, Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова. Жоғарыда сөз еткен Азаматтық форумда Мемлекет басшысы айтқан мәселелерге орай министрлік «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуге кіріскен. Бұл соған ұсынылып отырған өзгерістің бірі-мыс. Республикадағы №1 басшының тапсырмаларын шапшаң орындаймыз деп не шала, не шикі қылатын әдеттері ғой баяғы. «Қазір жастар мүшеқап қолданбайды. Өйткені, оның арты неге апаруы мүмкін екенін ойлай бермейді. Сол үшін мұны қыз-жігіттерге түсіндіріп, кейін контрацептивтерді тегін таратуды жаңа кодекске енгізуді жоспарлап отырмыз», – деген ғой министрлік атынан сөйлеген А.Есмағамбетова айды аспанға бір-ақ шығарып. Енді елестетіп көріңіз…
«Самарқанда апам бар, одан да өткен сорақы» депті баяғыда біреу. Денсаулығымызға жауапты министрлік мәлімдемелерінің қайсысы қайсысынан сорақы екенін ажырата алмай қалдық, бірақ. Олай дейтініміз, 16 жастағы қыздарға ата-анасының рұқсатынсыз аборт жасатуға рұқсат беруді де әлгі кодекстің жаңа редакциясына ұсыныс ретінде қосып отыр. 2009 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстегі 104-баптың (Жүктілікті жасанды түрде үзу) 3-бөлігінде «Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі» делінген. 2014 жылы ғана жаңарған Қылмыстық кодекстің 122-бабында он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық немесе сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасауға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, 319-бабында заңсыз түсік жасаудың кінәліге келер «залалы» айтылған. Мақаламызға тұздық болған мәселелерді шариғат та құптай қоймайды. Ал, министрлікті заңымыз да, шариғатымыз да, қызға қырық үйден тыйым салатын табиғатымыз да қызықтырмайтын секілді ме, қалай?!
Өйткені, «Меніңше, біздің балаларымыз 16 жасында біраз жауапкершілікті өз мойнына алады. Олардың медициналық көмектің кез келген түрін алуға құқығы болуы керек. Яғни, қазір біз оларды барлық жағынан шектеп отырмыз. Егер балаларымыз жыныстық қатынасқа түсу туралы шешімді бізсіз-ақ қабылдап жатса, қалғанына біздің пікіріміз қажет деп ойлайсыздар ма?…», – дейді министр Елжан Біртанов.
Иә, екеуі де әзірге кодекстің жаңа редакциясына келтірілген ұсыныс. Тек, ұтымды дей алмаймыз. Тағы да түйгеніміз, екі ұсыныс та бірін бірі «толықтыратын» секілді. Мәселен, мектепте жыныстық тәрбие сағаты өтті делік, онда ондайға бармау керектігі айтылады да, бара қалған жағдайда «мынаны қолданыңдар» деп мүшеқапты таратады, сөйтеді де ер және (әсіресе) қыз балаларға «Бұл да сақтандыра алмай жүкті болып қалсаңдар, уайымдамаңдар, ата-анаңның келісімінсіз-ақ алдырып тастай саласыңдар, өйткені сондай заң бар», – деп ескертеді.
Ал, бізге, сізге осы керек пе?!
Орта білім ошақтарында төсек қатынасы туралы түсіндіріп, қыздарымызды ойнап жүріп от басудан сақтандырамыз деп жүріп, мектептегі «мамалар» мен ақ бантикті «аналарды» көбейтіп алмасақ жарар еді.
Нұрзағи ҚҰДАБАЕВА, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:
– Біз Еуропа емес, Қазақстанбыз, қазақпыз. Ол жақта осылай екен деп табиғатымызға, тәрбиемізге, салт-дәстүрімізге қарама-қайшы тірлік жасауға болмайды. Егер қыздарға ата-анасының келісімінсіз 16 жастан аборт жасауға рұқсат беретін болсақ, онда кәмелеттік жастың мөлшерін түсіруіміз керек. Бізде кәмелеттік жас 18-ден басталмай ма?! Осы жасқа толған адам барлық құқықтар мен міндеттерді атқарады.
Сондықтан, мен бұл ұсынысқа мүлдем қарсымын. Бұған жол бермеуге тиістіміз. Он алты жаста аборт жасауды заңдастырғаннан гөрі тәрбиелік жұмыстарды нығайтуды ойлайық. Мына ғаламтордағы түрлі жүгенсіз сайттарға тыйым салып деген секілді тәрбиелік жұмыстарды күшейтудің орнына 16 жастан аборт жасауға рұқсат берейік деу ақылға сыймайды. Онда ертең 14 жастан бастап рұқсат берсін, 14 жастан бала тусын да, ал біз сол жүгенсіздіктің бәріне жол беріп отырайық…
Бұл ұсыныс бірінші кезекте Конституциямызға қарсы. Қоғамымыздың басты байлығы – адам. Мемлекетіміз адам үшін қызмет жасайтыны Ата Заңда жазылған. Бала – өміріміздің болашағы. Ал, енді оларды жаңағыдай қателікке ұрынудан немесе жүгенсіздікке барудан сақтандырудың орнына, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін оның салдарын жоюына көмектесу, ол іс-әрекетін заңдастырып, ата-анасының рұқсатын алып тастау заң жағынан да, моральдық жағынан да – қате. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегеніміз», яғни, одан да алдын алғанымыз жөн.
Бұрын біз айтып отырғандай сұмдық жоқ еді. Қазір пайда болды. Ал, енді оның себебі неде? Осыған жауап іздесек, қоғамымыздың азып-тозуынан ғой бұл. Демек, соның алдын алу, оны болдырмау жолдарын қарастыруға тиіспіз. Жастарға керекті спорт, өнер үйірмелерін, орталықтарды тегін етіп қойса, олар оған көбірек барса, кітап оқуға тартсақ, өмірдің мәні жыныстық қатынас еместігін түсінер еді, назары басқаға ауар еді, құлшынысы оянар еді.
Тағы да айтамын, 16 жастан қыздарға аборт жасауға рұқсат бергенше, отбасыдан бастап мектеп, жоғары оқу орындарында тәрбиенің тетігін мықтап қолға алу керек.
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024